Қырғызстан Қазақстанға кіргелі тұрған жүк көліктерінің құжаттарын мұқият тексереді.
Сол үшін Салық қызметі, ІІМ, Көлік министрлігі және Шекара қызметі мамандарынан тұратын жұмыс тобы құрылды. Олар қырғыз-қазақ шекарасындағы «Ақ-Тілек» бақылау-өткізу бекеті маңындағы айналма жолда жұмыс істейді.
Салық қызметіндегілердің айтуынша, мұндай шара жүк көліктері шекарада кезек күтіп қалмас үшін қабылданған. Көлік жүргізушілері QR-коды бар жүктің электронды шот-фактурасын қағазға шығарып алуы керек.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекарада жүк көліктері үнемі кезек күтіп тұрады. Кейде мұндай кезек бірнеше шақырымға созылып кетеді. 20 сәуірде шекарадағы төрт бақылау-өткізу пунктінде 300-ден аса жүк көлігі жиналып қалды.
Мәселені жақында екі жақтың үкіметі талқылады. Келіссөздер нәтижесінде тараптар жүк көліктері шекарадан еркін өтуіне жағдай жасауға келісті. Қазақстан электронды шот-фактурасы барларды тексермейтін болды. Қырғыз жағы мұндай құжаты жоқтарды шекараға жібермейді.
Тауарының электронды шот-фактурасы жоқ жүк көліктерін Қазақстан кері қайтарады.