Ресейде жүздеген орталық азиялық мигрант алаяқтарға алданып, ірі көлемде несие төлеуге мәжбүр болған. Бұл туралы «Мигрант Медиа» жобасы хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, алаяқтар отанына «Золотая корона» тіркемесі арқылы ақша аударған мигранттарға телефон соғып, олардың атынан несие алған. Сенімді болу үшін алаяқтар абоненттің аты-жөнін, соңғы ақша аударымдарын айтып, СМС-пен келетін кодты айтуды сұраған.
«Мен телефонға келген кодты айтқаннан кейін, олар «Золотая корона» қызметкерлері телефон соғатынын айтып, тіркемеге кірмей тұруымды ескертті. Алғаш картамнан 30 мың рубль алған, қазір пайыздарымен 50 мың қарыз болып қалдым», — деді Бақыт атты мигрант.
«Алаяқтарда менің жеке мәліметім болған. Олар мен қашан, қай жаққа ақша аударғанымды біліп отырған. Мен кодты айтқаннан кейін, 50 мың рубль несие төлеуім керек болып қалды», — дейді Максуда деген мигрант.
Осындай жолмен алданғандар жүзге жуық.
«Золотая корона» аударушыларының жеке мәліметтері алаяқтардың қолына қалай түскені қазір тексеріліп жатыр. Сервистің атынан несие берген «Страна экспресс» микрокредиттік компаниясы ішкі тексеру жүргізгенін, жеке мәліметтер үшінші тараптың қолына тигені анықталмағанын жеткізді.
Мәскеу полициясы алаяқтық фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында «Золотая корона» қолданушыларының жеке мәліметтерін ережеге сәйкес сақтамағаны анықталып, сот оны растаса, берілген несиелер жоққа шығарылуы керек. Болмаса мигранттар пайыздары күн сайын өсіп жатқан басқа адамдардың несиесін төлеуге мәжбүр болады.