Балқаштағы атышулы зорлық оқиғасының куәгері жалған мәлімет берген
Қазір сот тыңдалымы жабық өтіп жатыр.
Балқаш тұрғынын ұрлау және топпен зорлау ісіне қатысты куәгер жалған түсінік бергені үшін сотталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Алдын ала тергеуде белгілі болғандай, зардап шегушінің танысы екі күдіктіні жақтап, жалған куәлік еткен. Зардап шегушінің сөзіне қарама-қайшы түсінік берген куәгер өз айтқанынан қайтпаған. Тергеуші 36 жастағы әйелді ҚР ҚК 420-бабы «қасақана жалған куәлік ету» бойынша қылмыстық жауапқа тартты.
«Үнсіз қалма» республикалық қозғалысының белсендісі, зардап шегушінің қоғамдық өкілі Дина Смаилованың айтуынша, сотталушы әйел Қылмыстық кодекстің 432-бабында көзделген қылмысты жасырғаны, сондай-ақ ҚК 28-бабы «қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушылық» бойынша үшін жауапқа тартылуы тиіс.
Қазір сот тыңдалымы жабық өтіп жатыр. Істі судья Марат Башанов қарауда.