Баянауылда Қоңыр әулие үңгірінің шырақшысы күн батареясын орнатуды көздеп отыр
Қоңыр әулие шатқалы ерекше қорғалатын аймақ болып саналды.
Баянауыл ауданындағы Қоңыр әулие шатқалында тұратын ұлттық парктің мемлекеттік инспекторы әрі шырақшы Алтынбек Құрманов 2018 жылдан бастап күн батареясын орнатуды көздеп отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
— Өзім осы жерде қызмет еткеннен кейін күн батареясын орнату туралы идея келді. Бұл ойымды қолдаған астаналық кәсіпкер, өнертапқыш Нұрмағамбет деген ағамыз көмек қолын созып, былтыр күн энергиясынан қуат алатын жарық қойылған болатын. Табиғи энергия орманшы үйінің екі жағын қамтыды. Дегенмен жарықты пайдаланған жоқпын. Себебі эксперимент ретінде ЭКСПО көрмесіне жіберілді. Келесі жылы қайтадан құру ойда бар. Мұнда зиярат етіп келушілер түнейді. Біздің басты міндет — табиғатты қорғау. Демалушыларды алысқа жібермейміз, себебі от жағып, табиғатқа қауіп төндіруі мүмкін.
— Жаз мезгілінде демалушылар саны 700-ге дейін жетеді, — дейді Алтынбек Құрманов. — Үңгірде келушілердің қолтаңбасы бар кітапша қойылған. Мұнда қонақтар өздерінің алған әсерлері туралы жазып, түрлі ой-пікірлерін білдіреді. Мәселен, биыл Франция, Англия, Польша, Венгрия, АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, Қытай және Ресей елдерінің өкілдері келді. Олардың мақсаттары да әртүрлі: біреулер денсаулығын мазалаған дерттен дауа іздесе, енді бірі Жаратушыдан перзент сұрайды. Әсіресе, жұма және жексенбі күндері халық қалың болады. Бұл жерде Қоңыр әулие бұлағы бар. Жүз метр ағып, жер астына жоғалып кетеді. Қыста қатпайды.
— Саябақ аумағында төрт көл орналасқан: Сабындыкөл, Жасыбай, Торайғыр және Біржанкөл. Оның үшеуі туристерге қызмет етеді. Су мен балық қоры азаюда. 1980 жылдардың соңында жыртқыш балықтар жіберіліп, балдыр мен шөпқоректі балықтардың тұқымын құртып жіберген болатын. Былтыр аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы өтінішімізге қолдау танытып, Торайғыр көліне 700 мыңдай алабұға жіберілген. Бүгінде есейіп кетті. Осылайша табиғи түрде тазалау қолға алынды, — дейді ол.