Алдағы уақытта елімізде жол жиегінде әрқайсының құны 23 млн теңге болатын әжетханалар орнатылады. 2022 жылға дейін дәл осындай 304 дәретхана салынбақ. Қарапайым арифметикаға салсақ бас-аяғы 7 млрд теңгеге жуқы бөлу жоспарланып отыр. Ішінде жанға қажетті дүниенің барлығы дерлік болатын көрінеді. Ыстық су, орталық кәріз жүйесіне қосылады. Айналасы тәулік бойы күзетіледі. Аталған дәретханаларға қаржы қайдан бөлінеді? Қандай ұтымды тұстары бар? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. 7 млрд теңге. 2022 жылға дейін дәл осындай сома жол бойындағы әжетханаларды салуға бөлінбек. Әрқайсысына 23 млн, ақшасы көп болған сайын сапасы да жақсы болады-мыс. Мынадай адам шошитын, құлайын деп тұрған нысан емес, барлық заманауи талаптарға сай дәретхана бой көтермек.
304 әжетхананың қай жерге салынатыны да белгілі екен. Алдағы уақытта 121 дәретхана жол бойына орнатылса, 73-і ақылы трассаларға салынбақ. Қазірдің өзінде, заманауи нысан Щучинск-Зеренді тас жолының бойында жолаушыларға қызмет көрсетіп жатқан көрінеді. Жақын күндері тағы 14 қажеттілікті өтейтін жер пайдалануға берілмек. «7 млрд аз ақша емес қой ол. Жұртқа үй салып бермей ма қайта? Әжетхана сол үйдің ішінде де бар ғой керек болса. 7 млрд көп ол». «Я думаю это лишняя трата денег». «Әрине, осы райондарға керек негізі. Бірақ, ақшасы көбірек сияқты. Ысырапшылық болатын сияқты. Сіздің ойыңызша қайда жұмсауға болады бұл ақшаны? Қандай пайдалы дүниелерге? Аз қамтылған отбасылар бар. Соларға көмектессе, материалдық түрде». Бұған дейін Семейдің атқамінерлері 18 млн теңгеге екі бірдей қажеттілікті өтейтін жер салып, көпшіліктің ашуына тиген еді. Ал, қыруар қаржыға дәретхана орнатуға қаржы бөлген жергілікті әкімдік болса нысан қыста жылытылатынын айтқан болатын. Тіпті, барлық коммуникация қызметіне қосылады деп ағынан жарылған еді. Бірақ, шұғыл шаруаңды аяқтау үшін ақша төлейді екенсің. АСАН ДҮЙСЕНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Қыста дәретхана жылытылады. Орталық су мен кәріз жүйесіне қосылады. Екі бөлмесі болады. Бірі — келушілер үшін, екіншісі — қызметтік бөлме. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қарастырылған конструкциясы бар. Апатты жағдай бола қалса, қызметкерді шақыру батырмасы да орнатылады». Алдағы уақытта орнатылатын «су жаңа» дәретханалардың ішінде вакуумды ағызу құрылғысы, күннен қуат алатын қондырғылар бар екен. Сондай-ақ, барлық әжетханаларға кететін қаржы шеттен тартылған инвесторлар есебінен тұрғызылатын көрінеді. Компания өз кезегінде, нысанның тазалығы мен сапасына 5 жыл бойы кепілдік бермек.
newstaraz.kz