Енді науқас өзімен бірге денсаулық картасын тасып жүрмейді
Астаналықтар электрондық денсаулық сақтау паспортын иеленеді.
Еліміздің бас қаласының тұрғындары 2019 жылдан бастап электрондық денсаулық сақтау паспортын иеленеді. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша өткен баспасөз жиынында белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Яғни 2019 жылдан бастап науқас өзімен бірге денсаулық картасын тасып жүрмейді. Науқас адам ауруханаға немесе емханаға қаралатын болса, ол сол күнге дейін қандай сырқатқа шалдыққаны, диагнозы, анализдері және қандай ем-дом алғаны туралы бар ақпарат электрондық паспорт арқылы дәрігердің қолында болады. Сіздің туғаннан бастап дәрігерге әр қаралғаныңыз электрондық паспортқа айдан анық жазылып тұрады.
Пациентте өзіне тиесілі логин, пароль арқылы электрондық денсаулық сақтау паспортына кіріп сырқаты туралы бар ақпаратты біле алатын болады. 2018 жылдан бастап ҚР аумағында электрондық денсаулық паспортын кезең-кезеңмен енгізу жоспарланған. Болашақта мұндай жүйе еліміз бойынша толықтай қолданысқа енеді.
«Пайдаланушылардың электрондық денсаулық паспортындағы дербес деректеріне қолжетімділік электрондық үкіметтің сайтында пациенттің жеке кабинеті арқылы ұйымдастырылады. Медициналық ақпараттың орталық хабары рөлінде енгізілген электрондық денсаулық сақтау паспорты пациенттер мен медициналық қызметшілерді заманауи және сенімді ақпаратпен қамтитын болады. Портал қазіргі күні өзін толық түрде ақтап отыр. Портал арқылы тіркелген пациент толық түрде тегін ем алуда», – дейді Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының Астана қалалық филиалының медициналық ақпаратты өндеу секторының меңгерушісі Шауза Сатыбалдина.
newstaraz.kz