Новости на Newstaraz.

Мұхамеджан Тазабеков Данияр Елеусіновті «cалафит» деп қаралағандарға жауап берді

0 22

Мұхамеджан Тазабеков. Фото: today.kz

Today.kz-порталына сұхбат берген «Асыл арна» телеарнасының басшысы, ақын Мұхамеджан Тазабеков сұхбат барысында «салафиттер» деген кімдер және Рио Олимпиадасының чемпионы Данир Елеусіновті «салафит» деп сынның астына алғандарға өз жауабын берді.

Журналисттің: Осы жақында ғана белгілі боксшы, Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновті «Алла жалғыз, оған серік қосқан адамдарды жақтырмаймын, әруақтарға табыну дұрыс емес» деген сөзі үшін қазір БАҚ беттерінде қудалап, оны осы теріс ағым өкілдеріне жатқызып, қаралап жатқандар көбейіп кетті. Бұған не дер едіңіз, деген сауалға ақын:

«Қазақтың бір қасиеті – мән-жайдің артын күту, тексеріп алу, көзі жетпей кесіп айтпау еді. Бірақ, өкінішке қарай, біз осы артықшылығымыздан да айрылып бара жатқандаймыз. Неге дегенде, осы Данияр бауырымыздың айтқанына байланысты да парқына бармай кесір сөйлеген көп комментарий көрдім. Кейбіреулер секілді Құран оқымаңдар, ата-бабамыз адасқан, қабір атаулыны қиратайық немесе ұят, иба деген сезімді өлтіру керек деген жоқ қой. Өзіміздің ҚМДБ имамдарының күнде мешітте айтып жүрген сөзін, яғни, Аллаға ғана құлшылық ету керек, Алладан ғана сұрау керек дегенін неге сонша сөз қылдық? Мұнда қандай Ханафи мәзхабына қайшы ой бар? Сосын Данияр Елеусінов – өзіңіз айтқандай боксшы, қалтарыс-бұлтарыстың бәрін ескеріп отырып сөз саптайтын саясаткер емес қой. «Батыр – аңғал» дегендей, елдің алақанында жүрген бір ұлымыздың еркелеп отырып ер жігітке сай салып ұрып айтып тастағанын сонша гәп қылатындай мұнша майда ұлт емеспіз деп ойлаймын. Данияр – батырымыз емес пе? Кеше ғана көк туымызды желбіретіп, бүкіл әлемге Әнұранымызды тыңдатқызған кім еді? Біз неге жақсылықты оңай, тез ұмытамыз?», — деген Мұхамеджан Тазабеков сәләфтар деген — пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) кейінгі үш буын екенін халықтың есіне салды.

«Егер әлдекім «біз – сәләфитпіз» немесе «сәләфит болуымыз керек» десе, әлбетте, дұрыс емес. Өйткені, сәләфтар деген — пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) кейінгі үш буын. Мұсылмандардың үш буыны. Сәләфтар, қазақша айтқанда — ілгерідегілер. Дінді әлемге таратқан солар. Бірақ қазіргі «сәләфилерміз» деген адамдардың оларға ешқандай қатысы жоқ», — деген Тазабеков сәләфиміз деп жүргендер — ілгерідегілердің атын малданушылар дейді.

«Олар — мұсылмандар. Жол көрсетер ғалымға жолықпағандықтан жолы тарылғандар, қоғаммен тіл табыса алмай қолы қағылғандар. Кітаптағы білімді жан-жақтағы жағдаймен үйлестіре алмай шектен шығушылар. Жағдайдың ушығуына «жазғыштардың да» үлесі жоқ емес. Қазір біз сәл оғаштау қылық танытқан мұсылманның бәрін бір атпен, бір бояумен, бір қалыпқа салып айтып, жазуға бейім боп барамыз. «Ысырап қылма, ықыласты бол, Аллаға ғана сиын, адамдардың да ақысын ұмытпа» деген имамдардың өзін салафи деуге даяр тұрамыз. Осы дұрыс емес. Тіпті қазір әркім өзі ұнатпаған адамын «салафи» деумен айналысып жатқандай. Немесе, өзін «салафи» деп айтпасын деген қорқыныштан тапырақтап шауып, байыбына бармай-ақ, байбалам салып жатқандар бар. Біз шынында да қоғамға зиян келтіріп жатқан шектен шығушылармен күресуіміз керек. Сақал қойғаны үшін ғана кез-келген жігітті немесе тып-тыныш күнделікті тіршілігімен ғана жүрген әлдебір орамал салған әйел кісіні сыртынан «сәләфи» дей салуға құқымыз жоқ. «Экстремизммен күрес әйтеуір жазықсызды іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуі тиіс» деген Елбасымыздың алаңы әркімнің ойында болуға тиіс жауапкершілік», — дейді Тазабеков.

Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.

Translate »