Он төрт жасында от басып, сәбилі болған қыздан ата-анасы теріс айналды
Аруна. Скриншот «Қазақстан» ұлттық арнасынан
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын солардың кем дегенде 4 мыңдайы балалы болады деп хабарлайды Қазақстан ұлттық телеарнасы.
Ал, 700-дейі өкінішке орай, жасанды түсік жасатады екен. Жалпы, он сегізге жетпей сәбилі болудың себебін мамандар немен түсіндіреді? Ерте жүктіліктің ертеңгі зардабы қандай болмақ?
14 жасында ана атанған Аруна басқалар тәрізді әке шешеммен бірге қыдырсам, киноға, дүкенге барсам деп армандайды. Кәдімгі балаң арман. Кәмелетке жетпей аяғын шалыс басқан қыз ана өміріне әлі күнге көндіге алмай келеді.
«Ішім ауырып мазам қашып, сол кезде бір-ақ білдім. Ауылдың медбикелері неге айтпадың деді. Мен өзім аяғымның ауыр екенін білмедім», — дейді «Аналар үйін» паналаған Аруна.
Осы білместіктің кесірі қыздың бүкіл өміріне балта шапты. Мамандардың айтуынша, ерте жүктіліктің алдын алу қазір біздің қоғамда ашық талқыға түспейді. Еліміз бойынша жасөспірім қыздармен жұмыс істейтін небәрі 91 медициналық орталық бар.
«Біз екеуін босандырдық. Бұл қыздардың өзінің психологиясы шала, бала тууға дайын емес. Ал кәмелеттік жасқа толмағандардың 14 пайызы аборт жасайды» — Астана қалалық әйлдер орталығының жетекшісі Алмаш Бекмұхамбетова.
Жасөспірімдер арасындағы жүктілік бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Жыл басынан бері мұнда кәмелетке толмаған 616 қыз жүкті болған. Алматы облысында 400-ге жуық, Жамбыл облысында 292, Қарағанды облысында 255 мектеп оқушысы сәбилі болды.
«Кәмелетке толмаған қыздар арасындағы жүктілікті 3 мыңнан астам оқиғасы тіркелген. Жас ерекшеліктерін алатын болсақ, 15 пен 17 жастар арасында кездеседі», — дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің сарапшысы Данагүл Қарабаева.
Кәмелетке жетпей жүкті болудың себебі сан түрлі. Жөнсіз жүріс, араларында зорлықтың құрбаны болғандар аз емес. Ал, кезінде қызының қадамын қадағалай алмаған Арунаның ата-анасы қазір одан теріс айналыпты. Қолында ең болмағанда орта мектепті бітіргенін растайтын құжаты жоқ ол амалы болмағасын «Аналар үйін» паналап жүр.
newstaraz.kz