Ресей Қазақстан арқылы Қытайға газ құбырын тартуды қалайды
Қазақстандық QazaqGaz және ресейлік «Газпром» Ресей, Қазақстан, Қытай арқылы өтетін халықаралық газ құбырын салу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл жөнінде 22 ақпанда Қазақстан энергетика министрі Болат Ақшолақовтың сөзіне сүйенген «Власть» сайты хабарлады.
Сайттың жазуынша, Қазақстан энергетика министрлігі қазір Қазақстанның шығыс өңірін газбен қамтамасыз етудің екі жолын қарастырып жатыр. Бірі – Қостанай – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен бағыты бойынша газ құбырын салу және Ресей газын импорттау. Алғашқысы «кәдімгідей қаражатты талап етеді», екіншісін QazaqGaz бен ресейлік «Газпром» талқылап жатыр.
«Қазіргі кезде QazaqGaz «Газпроммен» бірге Ресей – Қазақстан – Қытай халықаралық газ құбырын салу мәселесін зерттеу үшін алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жағын қарастырып жатыр» деді Болат Ақшолақов.
Министрдің сөзіне қарағанда, Қостанай – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен бағыты бойынша газ құбырын тарту едәуір қаржыны талап етеді, газ тарифін өсіру мен газ кеніштеріне жаңа ресурс тарту да қажет болады, барлау мен іске қосқанға дейін орташа есеппен 7-10 жыл уақыт кетеді.
Министрдің айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, елде газбен қамтамасыз ету деңгейі 59 пайыз болған, 11,6 млн адамның газға қолы жетеді деп есептеледі.
Былтыр Қазақстан қоғамында Ресей, Қазақстан және Өзбекстан арасында құрылуы мүмкін «газ одағына» қатысты ақпарат қызу талқыланған. «Үшжақты газ одағын» құру идеясын Ресей билігі ұсынған. Бұл мәселе Қазақстан қоғамында қызу талқыланғаннан кейін Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко 30 қарашада үш ел арасында газ одағын құру мәселесін талқылау әзірше ерте деп мәлімдеген. «Қазақстан өз жерін санкциядан айналып өтуі үшін пайдалануға жол бермейді» деп қосып қойған.
Ал Өзбекстан саяси шартты газға айырбастамайтынын, Ресеймен газ жөніндегі келіссөз одақтасу дегенді білдірмейтінін мәлімдеген. Қазақстан мен Өзбекстан «газ одағын құру» туралы ұсынысты кері қайтарып, бұл идея уақытша тоқтағандай әсер қалдырған.
Дегенмен Eurasianet сайты қаңтардың аяғында энергетика саласы туралы жаңалық тарататын Neftegaz.ru сайтындағы мақалаға сүйене отырып, «Ресей өзінің бұрынғы идеясын астыртын басқа атаумен және басқа форматта жалғастырып жатыр дегенді меңзейтін материал жарияланды» деп жазған.
Сайт материалдан «[Үшжақты одаққа қатысты] келіссөздер «Газпром» деңгейінде, үш елдің салалық министрліктері мен үкіметтері арасында екіжақты формат арқылы жалғасын тапты» деген үзінді келтіреді.
Оның алдында қаңтарда ресейлік «Газпромның» Қазақстан және Өзбекстан үкіметтерімен газ өнеркәсібі саласы бойынша ынтымақтастыққа қатысты жол картасына қол қойғаны хабарланған.
Қазақстан билігі бұған қатысты реакция білдірген жоқ.
Ресей – газ экспорттаушы аса ірі елдердің бірі. Өзбекстан мен Қазақстан газын көбіне Қытайға экспорттайды, алайда екі ел де газды, негізінен, елдің ішкі рыногына бөледі.
Украинаға басып кіргеніне байланысты Еуропа одағы санкция салып, Ресей газына тәуелділігін азайтқан соң, Мәскеу Қытайға айдайтын газ көлемін ұлғайта түскен.
newstaraz.kz