Шымкентте «жалған полицей» ұсталды
Шымкентте Республика көшесінің бойында жүргізілген рейдтік іс-шаралар кезінде полиция қызметкерлерінің назарын формадағы жас жігіт аударған.
Тәртіп сақшылары күдіктіні тексеру барысында одан Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы ЖПҚБ учаскелік инспекторына тиесілі жалған қызметтік куәлікті тәркілеген.
Сондай-ақ, тергеу барысында ер адамның форманы қаладағы дүкендердің бірінен алғаны анықталды. Аталған факті ҚК-тің 390-бабымен (билік өкілінің немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын лауазымды адамның атағын өз бетімен иемденіп алу) тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Күдікті куәлік мұқабасын сатып алып, кейіннен полиция қызметкері куәлігінің үлгісін алып, соған үйлестіре өз атына жасаған. Құжатта өзін учаскелік инспектор деп көрсеткен.
Тіпті фотошоп арқылы өзіне полиция киімін кигізген. Ұсталған азамат бұрын-соңды сотты болмаған. Түркістан облысының 19 жастағы тұрғыны екені белгілі болды. Қазіргі уақытта күдікті кінәсін толық мойындап отыр. Сондай-ақ, полицейлер азаматтың тәртіп сақшысының формасын не үшін және қандай мақсатта кигенін анықтауда.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі
newstaraz.kz