Қырғызстан су жүйесін қалпына келтіру үшін донорлардан 36 млн доллар алады
Халықаралық даму қауымдастығы Қырғызстанның «Ауылды сумен қамту және тазалау» жобасына қосымша 36 млн доллар бөледі. Жогорку Кенештің қаржы және бюджет жөніндегі комитеті бүгін келісімді ратификациялады.
Жобаның жалпы құны — 43,2 млн доллар. Соның 16,2 млн долларын қауымдастық грант ретінде, 19,8 млн долларын несие ретінде бөледі. Қырғызстан үкіметі бұл жобаға 7,2 млн доллар аударады.
Несие 38 жылға беріледі, алғашқы алты жылда 0,75 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Үкімет мәліметіне қарағанда, қаражат Ош, Шу және Ыссықкөл облыстарындағы 53 ауылға бөлінеді.
Бұған дейін омбудсмен Кубат Оторбаев «Азаматтардың ауыз су мен тазалықта өмір сүру құқығы» баяндамасын жариялаған. Онда Қырғызстанда шамамен миллионға жуық адам ауыз суға жарымай отырғаны айтылған.
Қазіргі таңда елдегі халықтың 40 пайызы суды арықтардан, өзендерден, каналдардан, бұлақтардан немесе тасып ішіп отыр.
newstaraz.kz