Новости на Newstaraz.

Қызылордалық жігітке бәйбішесі 19 жастағы қызды тоқалдыққа алып берді

0

Фото: Интернет желісінен алынды

Ел аузынан «Қызылорда қаласында шамамен отыз жастағы жігіт бір шаңырақ астында бәйбіше-тоқалымен өмір сүріп жатыр екен, керек десеңіз, бәйбішесі тоқалды өзі алып беріпті» деген сөздерді естіп, аталған азаматпен Baq.kz порталының тілшісі сұхбаттасып қайтқан.

NUR.KZ порталы назарларыңызға сұхбаттың қысқартылған нұсқасын ұсынады.

Кейіпкердің есімі — Жомарт Қожабергенов.

– Жомарт, сіздің тоқал алғаныңызды естідік.

– Иә, рас.

– Тоқал алуға не түрткі болды? Бәйбішеңізді қалай көндірдіңіз?

– Себеп көп. Біріншіден, бәйбішем Нұргүл екеуміз келісіп шештік. Екіншіден, елдің демографиясына үлес қосайық деген ниетіміз болды. Өз ұрпағымның, қазақтың санының көп болғаны жақсы емес пе? Осылайша, екінші әйел алуға бел будық. Құдайға шүкір, бәйбішемнен алты бала бар. Үлкен ұлым 11 жаста. Қалғаны қыз.

Сосын сізге ескертіп қояйын, «тоқал» деп айтпаңыз. Ол дұрыс емес. Қазақ қазақ болғалы, мұсылман болғалы тоқалды «кіші жар» деген. Құлаққа түрпідей тиетін тоқал деген сөзді ата-бабамыз қолданған емес. Бергі заманда демографияны бұзып, қазақтың ұрпағын көбейтпеуге бәзбіреулер жымысқы әрекет жасаған. Сөйтіп, кіші жарлардың намысына қасақана тиіп, тоқал деп кемсіткен. «Ынтымақты сыбыс бұзады» дейді ғой, соның кесірінен соңғы заманда қыздар кіші жар болғысы келмей қалды. 

– Кіші жарыңызды қашан үйге әкелдіңіз?

– Өткен жылы сәуірде. Бұйырса, келесі айда бір жыл болады. Қазір аяғы ауыр. Босанатын кезі де жақындап қалды.

– Балаларыңыз екінші әйеліңізді қалай қабылдады?

– Үлкен ұлым мен үлкен қызыма аналары өзі түсіндірді. Олар келісімдерін беріп, қуана қарсы алды. Қазір балаларым кіші жарымды «екінші мама» деп атап кетті. Үлкендері «тәте» десе, кішкентайлары «мама» дейді.

– Әдетте, бүгінгі күні екінші әйелді жасы қырықтан асқан ер азаматтардың алғанын еститін де, білетін де едік. Ал сіз болсаңыз, жап-жассыз. Нешедесіз?

– 31-демін.

– Кіші жар алуға ерте деп ойламадыңыз ба?

– Ерте емес. Себебі, біріншіден, жасың өтіп кетеді. Екіншіден, сенің бәйбішеден туған балаларың кішкентай болса, екінші аналарымен тез тіл табысып, бір-біріне сіңіседі. Осыны ойлап, жұбайымның өзі де «алсақ, ертерек алайық» деп айтты. «Бір жағынан маған көмекші болады, қонақтарды бірге күтеміз» деді. Өйткені, мен де, отбасым да көпшілміз, үйге келім-кетім адам көп. Егер келісетін адам болса, өзің жақсы көретін болсаң, жас ерекшелігіне де қарамаймын, көнемін деді.

– Бәйбішеңіз бен кіші жарыңызды бір үйде ұстап отыр екенсіз?

– Иә, солай. Қызылорда қаласында төрт бөлмелі пәтерде тұрамыз.

– «Оларды қалай асыраймын» деген қорқыныш болмай ма?

– Шағын кәсібім бар. Асып-тасып жатқан ештеңем жоқ. Бірақ, екі әйелімді, балаларымды асырап-бағуға шамам жетеді, шүкір. «Әр бала өзінің несібесімен туады». Жігіт ретінде мұрнының астынан міңгірлеп, ана-мынаны сылтау қылмай, тәуекелшіл болғанды жақсы көремін.

– «Кіші жар аламын» дегенде туыстарыңыз, әке-шешеңіз қарсы болған жоқ па?

– Оны әкелген кезде әке-шешем қарсы болды. Кейін олар түсініп, қолдады. «Қазақтың салтында бар үрдіс, әйелің көніп тұрса, мен көнемін» деді анам. Ағайын-туыс бәрі біледі. Біреу сынап, біреу мінеп жатады, енді біреуі қуана да қызыға қарайды. Соған қарамастан, бір жылдан бері бір шаңырақ астында тұрып жатырмыз.

– «Екі қатын ойран» деген сөз бар, «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» болып жүрмейсіз бе? Ыдыс-аяқтың сылдырлауынан амансыздар ма?

– Одан Құдай сақтасын. Әрине, сіздің айтқаныңызды есіме салғандар кездесті. Бірақ келісіп пішкен тон келте болмайды ғой. Мен шаруамен көбіне түзде жүремін. Ал отбасының айрандай ұйып отыруы бәйбішенің даналығына байланысты. «Тіпә-тіпә» деп қояйын, бәйбішем бәрін ақылға салып, үйдің жылы атмосферасын сақтап, реттеп отыр.

– Жалпы, бәйбішеңіз бен кіші жарыңыздың арасындағы қарым-қатынас қалай?

– Бәйбіше оған өзінің сіңілісіндей қарайды. Керек заты болса, бәйбішеге айтады. Ал ол сұрағанын әкеп береді. Базарға бірге барады, азық-түлікті бірге әкеледі. Бәйбіше жақсы болғасын кіші жар үйге келеді. Ал кіші жар жақсы болса, бәйбішеге құрмет көрсетеді. Осылайша, екеуі ауызбіршілікпен, апалы-сіңілідей тату-тәтті тұрып жатыр.

Қазіргі кезде қоғамда «тоқал» тақырыбы қызу талқылануда. Алуан-алуан пікір бар. Соған өзіңіздің алып-қосарыңыз бар ма?

– Көзіміз ашық, қолым босағанда интернетті шолып отырамын. Қазіргі кезде қоғамда «тоқал» деген сөзді «көңілдес» деген мағынада қабылдайды.  Нақтылап кетсем, көңілдес деп кейбір жігітсымақтардың некелі жарынан жасырып, көпшіліктің назарынан қашып-пысып, тығылып барып жүрген адамын айтады. Ал өзіңнің ағайын-туысың, ең бастысы бәйбішең, балаларың жылы қабылдаса, мұсылманша некеңді қидырсаң, соны кіші жар деуге болады. Әрбірден соң бұл ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүріміз.

Мысалы, о баста Әсел мені ұнатып қалған. Менің де көңілім түзу. Өйткені, оның тәрбиелі қыз екені көрініп тұрды. Бірақ оған алдын ала ескерттім. Алты баламның және әйелімнің барын айттым. «Кіші жар болуға көнсең, бірге боламыз, бір үйде тұрамыз. Ал көнбесең ерік өзіңде» дедім. Ол таңдауын жасады, ешкім қинаған жоқ. Тоқетері, көнді. Қызық жайт айтайын, бәйбішемнің өзі оның ауылына барып, құдалыққа қатысып, әке-шешесінің алдынан өтіп, тоқалға орамалын жауып, үйге әкелді. Осыны бәйбішем шынайы ықыласымен, ниетімен жасады.

– Бәйбішеңіз сізді кіші жарыңыздан қызғанбады десек, өтірік болатын шығар…

– Әлбетте. Басында айтқан кезде қызғаныш болды. Ол ойланып, келісімін берді. Ақырында ақылына жеңдірді. Мен атамның тәрбиесін көргем, ол «қатын сенікі, өзгенің бәрі сенің қарындасың» дейтін. Құлағымызда осы әбден сіңген. Бәйбішемді алған кезде де айтқанмын: «Басқа қызға қарамаймын» деп. Оған адал болғаннан кейін, ол да: «Мен де саған неге жақсылық жасамасқа?!» деп бел буды. Көз тимесін деймін. Қызғаныш қазір жоқ деп ойлаймын. Енді кіші жардан бала күтіп отырмыз. Ол дүниеге келсе, бәйбішем бауырыма басамын деп отыр. Кішіге: «Сенің онда шаруаң болмасын» деген (күліп). Әсел де қалжыңдап қояды: «Сіздің балаңыз дұрыс жатпай жатыр» деп. Сырттан қарасаң, сүйсінетін жағдай. Бұл – бәйбішенің қойған шарты. Яғни, бірінші балаң менің балам болады деген еді.

– Кіші жарыңыз ше?

– 19 жаста.

– Жас емес пе? Неге кәрі қыздың, я болмаса жесірдің бағын ашпадыңыз? Соның сауабы мол емес пе?

– Қатты айтсам кешіріңіз, мен сауап санап жүрген адам емеспін. Ал жасы үлкен болса, оның өмірге көзқарасы қалыптасқан, талғампаз келеді. Ол бәйбіше түгіл маған да бағынбай әлек болады. Арада түсінбеушілік көбейеді. Ал жас болса, тәрбиеге көнеді. Бәйбішемнен 12 жас кіші, өзінің апасындай құрмет қылып, қызмет жасайды. Өйткені, екеуінің мақсаты да, әңгімесі де бір. Ол – демографияға үлес қоссақ және жұбайымыздың ризашылығын тапсақ, ұрпағын өсірсек, елге пайдасы тиетін азамат қылсақ деген мақсат. Ал жесір әйелді алдым дейін, оның баласы маған бала бола ма? Бәрібір оның бойынан «комплекс» жойылмайды. Сосын мен ғалымдардың телегония ғылымы туралы жазғанын оқып едім. Сондықтан, жастауы дұрыс деп шештім.

Вам также могут понравиться

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.