Жаудың оғы: Қостанайлық қария жамбасындағы оқпен 73 жыл бойы жүрген (фото)
Балтабай Қазиев жұбайымен. Фото: kostanaytany.kz
Балтабай ақсақал 1943 жылдың жазында, он сегізге толар-толмас шағында әскерге алыныпты. 1944 жылы 4-ақпан күні жаумен кескілескен ұрыстардың бірінде жауынгер Қазиев ауыр жараланыпты.
Балтабай Қазиевтің жамбасынан алынған оқ. Фото: kostanaytany.kz
Қатарынан екі оқ тиген, денесіне сынық-жарықшақтары кірген. Иегіне кірген сынықтан сөйлеуге мұршасы келмей, жамбасынан жараланады. Сол күйі есінен танып, бірнеше күн жатыпты. Комиссиның тексерісінен кейін ұзақ уақыт Львов, Дрогобыч, Киев, Житомир, Майкоп, Краснодар, Кисловодск қалаларының госпитальдарында жатып емделеді.
1944 жылғы ұрыста жамбасқа тиген жау оғы ардагердің денесінде қалып қойған. Қария жамбастағы оқты жастықтың лебімен елемесе керек. Бертін келе, жүріп-тұруы қиындай бастаған соң Астанадағы дәрігерлерге қаралған.
Биылғы шілде айында Астанадағы Ұлы отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталінде жатып ота жасатыпты. Он минутқа созылған отаның нәтижесінде ардагердің жамбасынан ұзындығы үш сантиметр болатын оқ алынған.
Бүгінде майдангердің жағдайы жаман емес. Қостанайдағы үйінде күтініп жатыр.
newstaraz.kz