Құқық қорғаушы: Ресей Орталық Азияның босқындары үшін қауіпті елге айналды
Шохрух Базаров с 2017 года находился под защитой Европейского суда по правам человека.
Еуропалық соттың қорғауындағы саяси босқын Шохрух Базаровты Мәскеу полициясы алып кеткеннен кейін, ұшты-күйлі жоғалып кетті. 34 жастағы мигранттың туыстары оны Ташкентке алып кетуі мүмкін деп жатыр.
Құқық қорғаушылар соңғы уақытта Ресейде Орталық Азия елдерінің босқындарын ұстау процесі жиілеп кеткенін айтады.
Мәскеуде құрылыста жұмыс істеп жүрген 34 жастағы өзбекстандық Шохрух Базаров та полиция учаскесіне шақырылғаннан кейін хабарсыз кеткен.
– 26 мамыр күні таңғы 7.00 шамасында есікті біреулер қақты. Ашқан кезде, ішке 7-8 полиция өкілі баса-көктеп кіріп, Мещанск аудандық полиция бөлімшесіне алып кетті. Кешке дейін ұстап, жіберді. Содан бері Шохрухты көрмедім. Бөлімшеде азаматтық киімдегі бір адам менен Шохрухты қайдан білесің, қалай таныстың деген сұрақтар қойды. Шохрух жеке басында проблема барын бізге ешқашан айтқан емес. Қазан қаласында оның әйелі мен балалары тұрады», — деді Ләзизбек есімді мигрант.
«Ёрдам» («Жәрдем») құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бахром Хамроев 27 мамыр күні Шохрух Базаровты Ташкентке жеткізгені жөнінде хабар алғанын айтады. Оны ұстауға ФСБ қызметкерлері қатысқан. Сол күні оны «Домодедово» әуежайынан Өзбекстанға жөнелткен. Таңертең ол Қазанда тұратын туыстарының телефонына «Мені Ташкентке алып келді. Енді басқа жол жоқ» деген хабарлама жіберген.
Құқық қорғаушының айтуынша, Ресей босқын Шохрух Базаровты Өзбекстанға беру арқылы халықаралық талаптарды бұзып отыр.
Өзбекстан Шохрух Базаровқа қарсы «Конституция құрылымын күшпен құлатпақшы болды», «Қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірді» деген баптар бойынша қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеу жариялаған. Хамроевтың сөзінше, Өзбекстанда Базаровтың екі ағасы аталған баптар бойынша түрмеде отыр.
Айта кету керек, 11 мамырда Ресейдің арнайы қызметі Қырымда тұрып жатқан өзбек азаматы Наби (Аюба) Рахимовты атып өлтірген. Оған дейін оны бірнеше рет қамауға алған. Бірақ Еуропалық соттың шешімімен ол босап шыққан. Енді марқұмның әйелі мен екі баласын Өзбекстанға жіберу жөнінде шешім шығарған.
newstaraz.kz