«Құмтөр Голд Компаниден» жанармай ұрлаған жұмысшы ұсталды
Қырғызстанның Ыстықкөл облысында «Құмтөр Голд Компаниге» қарасты фирманың бір қызметкері ұсталды. Оған алтын өндіретін кәсіпорын жанармайын сатумен айналысқан деген айып тағылды.
Ыстықкөл облысы ішкі істер басқармасының хабарлауынша, 29 мамырда милиция қызметкерлері күдіктінің автокөлігінен 300 литр солярка тапқан. Ұсталған азаматтың «Құмтөр Голд Компани» компаниясында жұмыс істейтіні анықталған.
Тергеу кезінде 29 жастағы күдікті комбинаттан ұрлаған солярканы сатумен айналысқанын мойындаған. Қылмыс дерегіне қатысты іс қозғалды.
Құмтөр — Қырғызстандағы ең ірі алтын кені. Мұнда жыл сайын 15-17 тонна алтын өндіріледі.
newstaraz.kz