Қарақалпақстандағы наразылықтан кейін Өзбекстан президент әкімшілігінің басшысы қызметінен кетті
Өзбекстанда президент әкімшілігінің жетекшісі Зайнилобиддин Низомиддинов «денсаулығына байланысты басқа жұмысқа ауысып», қызметінен кетті. Бұл жөнінде мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов хабарлады.
Азаттықтың Өзбек қызметінің жазуынша, Низомиддинов – Қарақалпақстандағы наразылықтан кейін отставкаға кеткен бірінші жоғары лауазымды тұлға. Оның қызметтен кетуі Қарақалпақстандағы қантөгіспен байланысты ма, жоқ па, белгісіз.
Дереккөздердің хабарлауынша, Низомиддинов Өзбекстан Конституциясына түзетулерге қарсы шыққан.
49 жастағы Низомиддинов президент әкімшілігін 2018 жылдың тамыз айынан бері басқарған.
Шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды егемен мәртебесінен айыратын Конституция жобасына қарсылық білдірген. Наразылық күшпен басып-жаншылды.
Ресми мәліметке сай, 18 адам қаза болған, 516 адам ұсталған. Қаза болғандардың 14-і – бейбіт тұрғын, төртеуі құқық қорғау орган өкілі. Өзбекстан ІІМ наразылықты заңсыз деп атап, «конституция реформасының дұрыс түсіндірілмегенін» айтты. 4 шілдеде Өзбекстан парламенті Конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады.
Халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдер Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны жан-жақты тергеуге, бейбіт наразыларға күш қолданғандарды жазаға тартуға үндеді.
newstaraz.kz