Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина алғаннан кейін талмасы ұстап қалғандай түр көрсетіп өтірік жығылған Өзбекстан азаматына 25 доллар көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы «Ақ жайық» газеті жазды.
Ақпаратқа қарағанда, базарда тауар тасушы болып істейтін өзбек азаматы «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп табылған.
14 шіледе әлеуметтік желілерге видео жарияланған. Онда бір топ адам жерде жатқан адамның есін жидыруға әрекет жасап жатқаны, дәрігерлер оған ине салуға дайындалып жатқаны көрсетілген. Кадр сыртындағы адам ол кісі коронавирусқа қарсы вакцина алғанын айтқан.
Оқиға өзбекстандық азаматтың базарда коронавирусқа қарсы вакцина алғаннан үш сағат өткеннен кейін болған.
«Вакцина алғаннан көп өтпей, ол адам жұмыс берушісімен бірге келіп, ағасының аты-жөні мәліметтер базасында жоқ екенін айтып айқайлай бастады. Одан соң емханаға вакцина алу үшін ешкім келмейтіндей видео түсіретінін айтып шығып кеткен. Жұмыс күні аяқталып қалғанда, естілген шудан сыртқа шықсақ, әлгі адамды жедел жәрдем қызметі алып кетіп бара жатыр екен. Мен таңқалдым. Өйткені вакцинаның екінші компонентін алғандарда мұндай реакция болмауы тиіс», — деді Айгүл Үсембаева есімді дәрігер.
Осы оқиғадан кейін №3 емхана басшылығы видеодағы өзбек азаматын сотқа берген.
Сотта айыпталушы кінәсін мойнына алып, кешірім сұраған.
«Казинформ» агенттігі хабарлағандай, өзбекстандық азаматтан басқа бұл оқиғаға белсенді қатысқан оның жұмыс берушісіне де 25 доллар көлемінде айыппұл салынған.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінгі күнге дейін Қазақстанда 5 230 750 адамға вакцинаның бірінші компоненті салынса, екінші компонентін 3 436 617 адам алды.
newstaraz.kz