Қырғыз арнайы қызметі қай шенеуніктердің жалған дипломмен жүргенін айтты
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қос азаматтығы барлар мен жалған диплом пайдаланғандар туралы мәлімет берді.
Мемлекеттік комитеттің хабарлауынша, түрлі органдарға қатысы бар «ондаған мың материал тексеріледі».
Мәліметтерге қарағанда, Жогорку Кенештің төрт депутаты, қалалық кеңестің үш депутаты және жергілікті кеңестердің бес депутаты, бір мэр, бұрынғы мэр және бір вице-мэр жалған диплом пайдаланды деген күдікке ілінді.
Күдіктілер арасында Есеп палатасының судьясы мен аудиторы, ішкі істер басқарамаларының он қызметкері, Шекара қызметінің, Салық қызметінің, министрліктердің қызметкерлері де бар.
«Түсіндіру жұмыстары кезінде тоғыз адам дипломдарын өз еркімен тапсырды, 16 адам жұмыстан өз еркімен шықты. 12 шенеуніктің қос азаматтығы бар-жоғы тексеріліп жатыр», — деп хабарлады арнайы қызмет.
Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті шенеуніктерден жалған дипломдарын өткізіп, қызметті босатуын сұрап отыр.
Бұған дейін мәлім болғандай, арнайы қызмет 24 қаңтардан бастап шенеуніктердің білімі мен азаматтығын тексере бастаған. Мұндай тапсырманы республика президенті берген.
newstaraz.kz