Қырғыз шекара қызметі Тәжікстанмен шекарадағы оқиғаны «арандатушылық» деп атады
Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметі мемлекеттік шекараның қырғыз-тәжік бөлігіндегі жағдайға қатты алаңдайтынын мәлімдеді.
Соңғы кездері қырғыз жағы мемлекеттік шекарада арандатушылық әрекеттердің көбейгенін жиі айтып жүр, ал тәжік билігі болса жағдайдың тұрақталуына айтарлықтай күш салғысы келмейді. Қайта одан сайын ушығуына себепкер болды.
27 қаңтарда Баткен-Исфара жолының Баткен ауданына қарасты Торт-Кочо (Қырғызстан)елді мекені тұсында Тәжікстан тұрғындары автожолды жапты. Екі елдің шекарашылары келіссөзінің нәтижесінде тәжік азаматтары жолды ашты.
Алайда тәжік шекарашылары қаруға жүгініп, бірінші болып Қырғызстан әскерилеріне қарата оқ атты. Қырғыз шекара қызметінің мәлімдеуінше, бұл оқиға – арандатушылық, оған Тәжікстан ҰҚМК Шекара қызметінің басшылары кінәлі. Тәжік жағы жағдайды әдейі ушықтырып, соның кесірінен жанжал қарулы қақтығысқа ұласты, екі жақтан да адамдар жараланды.
Одан қалды, Тәжікстан ұшқышсыз ұшу аппаратын қолдану туралы мәліметті бұрмалап отыр. Тәжік шекарашылары соңғы кезде қашықтан басқарылатын ұшақтарды Қырғызстан аумағын барлау мақсатында жиі қолданған. Қырғыз жағы бұны Тәжікстан шекара қызметінің басшылығына ескертті.
Қырғызстан шекара қызметі көрші елдің шекара мекемесін Қырғызстанмен шекараға әскери техникасын, жауынгерлерін шоғырландырды деп мәлімдеді.
Қырғыз Республика ҰҚМК Шекара қызметі тәжік жағын атысты доғаруға, мәселелерді келіссөздер арқылы шешуге шақырды.
Тәжікстан шекара қызметі де қырғыз тарапына айып тағып, келіссөздерге үндеді.
Қырғыз шекарашы қызметінің хабарлауынша, Қырғызстанның Баткен облысының басшысы Тәжікстанның Соғды облысының губернаторымен кездесіп жатыр. Жүздесу 28 қаңтарда сағат 1:43-те басталды. Екі аймақ басшысы Баткен ауданындағы Как-Сай мекенінде кездесті. 28 қаңтарда сағат 02:00-дегі мәлімет бойынша, Кочо-Бою мен Дахма елді мекендеріндегі атыс тоқтады. Головной мен Торт-Кочо елді мекендерінде атыс даусы әлсін-әлсін шығып жатыр.
newstaraz.kz