Қырғыз соты «Ата Мекен» партиясының лидері Өмірбек Текебаев пен оның серіктесі Дуйшенқұл Чотоновты ақтады
Бішкек қалалық Бірінші май аудандық соты 13 сәуірде «Ата Мекен» партиясының лидері Өмірбек Текебаев пен оның әріптесі Дуйшенқұл Чотоновты толық ақтады. Олар 2017 жылы 1 млн доллар көлемінде пара алды деген айыппен сотталған болатын.
Судья Айнұр Сатарова Текебаев пен Чотоновтың ісінде қылмыстық құрам болмағандықтан толық ақталады деп атап өтіп, үкім күшіне енген күннен бастап, оларды үйқамақта ұстау шарты жойылады деді.
Сот сонымен бірге екі саясаткердің дүние-мүлкін бұғаттан алып тастау жөнінде шешім шығарды.
Олар өздеріне тағылған айыптарды мойындаған емес, бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев тарапынан жасалынған қудалау деген.
2017 жылы ресейлік кәсіпкер Леонид Маевскийдің саясаткерлерге 1 млн доллар пара бердім деген шағымы бойынша, Өмірбек Текебаев пен Дуйшенқұл Чотонов 8 жылға бас бостандықтарынан айырылған. 2019 жылы Жоғарғы сот істі қайта қарау жөнінде тапсырма беріп, оның нәтижесі бойынша саясаткерлер түрме жазасынан үйқамаққа ауыстырылған.
newstaraz.kz