Қырғыз журналисі Болат Теміровті күш қызметкерлері ұшаққа отырғызып елден шығарып жіберген
23 қараша күні кешке қарай зерттеуші журналист Болат Теміровті Қырғызстан күш органдарының бірнеше өкілі Бішкектегі «Манас» әуежайына жолаушылар ұшып кететін залға алып барды. Мұны Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің әуежай маңында жүрген тілшісі хабарлады.
Журналистің болжамынша, оны Мәскеуге ұшатын ұшаққа отырғызған. Себебі, күш қызметкерлері журналисті Мәскеуге ұшқалы тұрған рейске қарай сүйрелеп бара жатқан.
Оның Теміровті қайда апара жатқаны туралы сұрағына ешкім жауап бермеген. Журналисті ортаға алып, қоршап кетіп бара жатқандар журналистің видео түсіруіне де кедергі келтірген.
«Онымен сөйлесіп үлгермей қалдық. Маған бұл жақта жоқ деген еді. Енді қазір оны ұшаққа мінгізіп қойды деп болжап отырмыз. Қандай құжатпен ұшып кететінін де білмейміз. Оның қырғыз паспорты жарамсыз деп танылған. Ресейлік паспорты туыстарының қолында. Құзырлы органдар неге мұндай шешім шығарғаны түсініксіз. Оған уақыт беріп, адамша келісім жасасуға болмас па еді?» дейді оның адвокаты Батыр Ботабеков.
«Тemirov LIVE» жобасының негізін қалаушы журналист Болат Теміровті Қырғызстан соты шетелге шығарып жіберу туралы шешім шығарған. Оны билік «жалған құжат жасады» деп айыптайды. Мұның алдында президент Садыр Жапаров пен ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Тәшиев сұхбатында «Теміров біреудің әскери билетін ұрлап алып, оған өзінің суретін жапсырып, аты-жөнін өзгертіп, осы құжатпен Қырғызстан паспортын алған» деген.
Бұл айыпқа байланысты Теміров Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Ташиевті сотқа беретінін мәлімдеген.
Биыл қаңтардың аяғында «Temirov LIVE» жобасының негізін қалаушы Болат Теміровтің үстінен «есірткі сақтады» деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Оның алдында журналистің YouTube-арнасында мазут экспортына қатысты зерттеуі жарияланған. Онда күмәнді схемаға ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Тәшиев туыстарының қатысы бары айтылған.
newstaraz.kz