Қырғызстан: Баткенде эвакуацияланған азаматтар үйіне оралып жатыр
Қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы жанжалдан кейін қауіпсіз аймаққа көшірілген мыңдаған тұрғын үйіне қайтып жатыр. Бұл туралы 9 мамырда үкіметтің Баткен облысындағы өкілетті өкілінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жанжалдан кейін Баткен қаласындағы тоғыз орынға жайғастырылған тұрғындар мен облыс басшысы Абдикарим Алимбаев кездесіп, шекарада қауіпсіздікті сақтау шаралар көтеріліп жатқанын және баспанасыз қалған отбасыларға үйлер салынып жатқанын мәлімдеді.
28 сәуірде басталған шекара жанжалынан 40 649 адам эвакуацияланған. Оның 24 мыңдайы балалар. Бұдан бөлек баспанасын тастап кеткен мыңдаған адам бар.
28-29-30 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыста 36 қырғызстандық құрбан болды, оның ішінде екеуі бала. 180-ден астам адам жарақат алған. Тәжік тараптан 19 адам өліп, 87 кісі жарақат алғаны ресми түрде жарияланды. 15 мыңға жуық жергілікті тұрғын қауіпсіз аймаққа эвакуацияланғаны айтылды.
Қырғызстанның Шекара қызметі тәжік тарап оқ атуды «бірінші бастаған» және «шекараға кіріп келген» деп мәлімдеді. Тәжік билігі болса, қырғызстандықтарды «басқа мемлекетке қарсы қарулы күш қолданған» деп айыптаған және қырғыз-тәжік шекарасындағы оқиғаны «агрессия» деп сипаттаған.
Екі өлкенің бас прокуратурасы қылмыстық іс ашып, зерттеу жүргізіп жатыр.
newstaraz.kz