Қырғызстан мен Тәжікстан өкілдері шекарадағы оқиғаға қатысты келіссөз жүргізіп жатыр
Қырғызстан мен Тәжікстанның күш құрылымдары шекарадағы оқиғаға қатысты келіссөздер жүргізіп жатыр. Бейсенбідегі атыстан қырғыздың бір шекарашысы қаза тапты.
Келіссөз нәтижелері кездесу соңында белгілі болады, деп хабарлады Баткен облысы Лейлек ауданының әкімі Алмаз Рахманкулов.
Қырғыз-тәжік шекарасында 8 шілдеде кешке атыс болған. Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара қызметінің мәліметі бойынша, Лейлек ауданындағы Наумин өткелі маңын күзетіп жүрген салт аттылар күтпеген жерден Тәжікстан шекарашыларының шабуылына ұшыраған.
Тәжікстанның шекара қызметінің мәліметі бойынша, атыс Соғды облысына қарасты Росровут Деваштич ауданында болған. Тәжікстанның «Ховар» ұлттық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, «қырғыздың төрт шекарашысы Тәжікстанның мемлекеттік шекарасынан заңсыз өткен». Агенттік мәліметіне қарағанда, қарапайым және әскери киім киген, қару асынған қырғыз сарбаздары Тәжікстанның Деваштч ауданындағы тоғыз жылқыны Қырғызстан аумағына айдап әкетпек болған.
Қырғызстанның шекара қызметінің 9 шілдеде таңертең хабарлауынша, атыс кезінде 27 жастағы сержант Хуснидин Хожиев қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, тәжік жағында да жаралылар мен қаза тапқандар бар.
Қырғыз-тәжік шекарасы 970-980 шақырымға созылып жатыр. Соның 519 шақырымының ғана мәртебесі анықталған.
newstaraz.kz