Қырғызстан тұрғындарының наразылығынан соң Өзбекстан шекара сызығын жылжытуды тоқтатты
Ўзбекистон-Қирғизистон чегарасидаги ўтказиш пунктларидан бири.
4 қарашада өзбек әскері Қырғызстанның Баткен облысында өзбек-қырғыз шекарасын жылжытуды тоқтатты. Бұл туралы Азаттықтың қырғыз қызметі Баткен ауданының басшысы Учкунбек Жоробаевқа сілтеме жасап хабарлады.
Аудан басшысының айтуынша, 4 қарашада таңертең өзбек шекарашылары Баткен ауданындағы Киштут ауылында шекара сызығын жылжыта бастаған. Атап айтқанда, экскаватормен ор қазған.
Жоробаевтың сөзіне қарағанда, бұған наразы болған ауыл тұрғындары осы маңға жинала бастаған.
«Өзбекстан өз шекарасын Киштут ауылының аумағына қарай жылжытқысы келді. Бұл жерді екі ел келістірген. Бірақ тұрғындар көптеп жинала бастаған соң өзбек билігі Киштут ауылының басшысымен, қырғыз шекарашыларымен және басқа да ресми өкілдермен кездесті. Содан кейін өзбек жағы шекарадағы жұмыстарды тоқтатты. Бұл аумақ Өзбекстанға қарайды», — деді аудан басшысы.
Өзбек жағы шекарадағы осы оқиға туралы мәлімет таратпады.
2017 жылы екі елдің президенті өзбек-қырғыз шекарасының 1170 шақырымын немесе 85 пайызын демаркациялау туралы келісімге қол қойды.
Биыл ақпанда екі елдің үкіметі шекарадағы даулы жердің тағы 10 пайызын келістіргенін хабарлады.
newstaraz.kz