Қырғызстан және Тәжікстан билігі шекарадағы жанжалды зерттейді
Қырғызстан және Тәжікстан шекара қызметінің өкілдері шекарадағы жанжалдан кейін кездесу өткізді.
Бұл жөнінде Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) шекара қызметі хабарлады. Ведомствоның баспасөз қызметінің айтуынша, кездесуге ІІМ және ҰҚМК аймақ бөлімдерінің жетекшілері де қатысқан.
«Келіссөз кезінде тараптар Қырғызстан және Тәжікстан тұрғындары арасында болған төбелестің жай-жапсарын зерттеп, жағдайды ушықтырмауға және арандатуға жол бермеу жөнінде келісті. Төбелес фактісін ІІМ аймақтық органдары тексереді, аталған аумаққа ІІМ қосымша жасағы жіберіледі» деді шекара қызметінің өкілдері.
3 желтоқсанда Қырғызстанның Баткен ауданы Кок-Таш ауылында қырғыз-тәжік шекарасында жергілікті тұрғындар арасында төбелес болған.
ҰҚМК шекара қызметінің хабарлауынша, «Дахма ауылына Сомониен ауылы арқылы өтіп бара жатқан шақта Қырғызстан азаматтары мен Тәжікстан азаматтары керісіп қалған. Кикілжің төбелеске ұласып, тараптар бір-біріне тас атқан. Шекара қызметінің мәліметінше, Қырғызстан азаматы аңшылық қару қолданып, әуеге ескерту ретінде үш рет оқ атқан».
Баткен ауданының әкімі Ұшқынбек Жорабаев оқиғаның салдарынан Қырғызстанның бір азаматы ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.
Тәжікстанның ресми органдары әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді. Алайда Сомониен ауылының тұрғындары Азаттықтың Тәжік қызметіне төбелес болғанын растады. Аталған ауылдың 21 жастағы тұрғыны жарақатпен ауруханаға түскен. Оның әкесінің айтуынша, төбелес кезінде ұлын арматурамен ұрған.
Өткен айда Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров билік жыл соңына дейін шекара мәселелерін шешуді жоспарлап отыр деп мәлімдеген. Тәжікстанмен шекараны анықтау бойынша келіссөз жүріп жатқанын ҰҚМК басшысы Қамшыбек Ташиев те айтқан.
Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Қазірге дейін 519 шақырымына делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген. Қазір Қырғызстанның Баткен облысы мен Тәжікстанның Соғды облысындағы аумақтар дау туындатып отыр.
Мұнда екі жақтың ауылдары, кейде үйлер де бір-біріне қатар орналасқандықтан шекараны белгілеу қиындық тудырады. Шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне қарудан оқ атады. Кейінгі уақытта екі тараптар арасында жанжал жиілеп кетті.
newstaraz.kz