Қырғызстанда қаржы қиындығына тап болған мемлекеттік екі телеарна жабылады
Қырғызстанда қаржы қиындығына тап болған «Бесінші арна» мен «Пирамида» мемлекеттік телеарналары жабылады.
Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрдің орынбасары Шыңғыз Эсенгул уулу осылай деп мәлімдеді.
Шенеуніктің айтуынша, екі телеарнаны «Құмтөр» мен Бішкек әкімдігіне тапсыру туралы шешім жойылды.
«Телеарналарды жабу туралы түпкілікті шешімді мемлекеттік мүліктерді басқару жөніндегі агенттігі қабылдайды. «Құмтөр» мен әкімдік оларды басқарудан бас тартты», — дейді министрдің орынбасары.
Мүлікті басқару агенттігі «Бесінші арна» мен «Пирамиданы» жабу мәселесін қарап жатқанын хабарлады. Мемлекеттік мекеме бұдан басқа мәлімет бермей отыр.
Қаңтар айында мүлікті басқару агенттігі төрағасының орынбасары Медет Машиев «Пирамида» телеарнасы «Құмтөрге» немесе «Қырғыз Алтынға», ал «Бесінші телеарна» Бішкек әкімдігіне тапсырылуы мүмкін екенін айтқан. Шенеунік мұндай шешімді телеарналарды қаржыландыру жеткіліксіз екендігімен түсіндірген.
«Бесінші арна» Қырғызстанда 2005 жылы ашылды, 2010 жылға дейін жекеменшік арна болды. Сәуір оқиғасынан соң мемлекет меншігіне өтті. Қырғызстандағы алғашқы тәуелсіз «Пирамида» телеарнасы 1994 жылы құрылған. Ол да 2010 жылғы Сәуір оқиғасынан кейін мемлекет меншігіне өтті.
newstaraz.kz