Қырғызстанда шекара қызметінің шенеуніктері жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталды
Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің хабарлауынша, Шекара қызметіндегі бірнеше жоғары лауазым иесі жемқорлық әрекеттер жасады деген күдікпен ұсталды.
Арнайы қызметтің мәліметінше, 19 қазанда «Достық-автожол» тексеру-өткізу бекетінің басшысы, шекара қызметінің Ош облысындағы бөлімінің басшысы, сонымен бірге шекара қызметі бас штабы басшысының бірінші орынбасары ұсталды.
Тергеу мәліметіне қарағанда, «Достық-автожол» бекетіндегілер шекара қызметіндегі қолдаушыларына сүйеніп, шекарадан өткен азаматтардан бопсалап ақша жинаумен айналысқан.
Қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар уақытша тергеу изоляторына отырды.
Арнайы қызмет шекара бекетіндегі жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін азаматтарды анықтап жатыр.
Еске салайық, бұның алдында Өзбекстан азаматтары Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа хат жазып, қырғыз шекарашыларының заңсыз әрекеттері туралы баяндаған.
newstaraz.kz