Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі ковид жұқтырған науқастарды дәлелденбеген дәрілермен емдеуге тыйым салды
Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырған науқастарды емдеудің бесінші клиникалық хаттамасын жариялады.
Хаттамада коронавирус жұқтырған науқастарды уқорғасынмен емдеу туралы ештеңе айтылмаған. Бұның алдында денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев науқастарды уқорғасын тамырымен емдеуді ұсынған.
Бұған қоса, хаттамада «ДӘЛЕЛДЕНБЕГЕН ПРЕПАРАТТАРМЕН ЕМДЕУГЕ БОЛМАЙДЫ» деп жазылған. Мұндай дәрілер қатарына умифеновир (арбидол), имидазолилпантонамид (ингавирин), эргоферон, интерферон альфа (интерферон, виферон), энисомия йодид (амизон, амизончик, нобезит), полиоксидоний, инозин және басқа да препараттар жатады.
Сонымен бірге дәрігерлерге коронавирустың жеңіл түрімен ауыратын нақастарға дексаметазон, преднизолон, гидрокортизон, химсмеси, теофиллин, эуфиллин, кальций хлорид, осельтамивир, занамавир, антибиотиктер комбинациясын тағайындауға тыйым салынған.
Бұның алдында Бейшеналиев баспасөз конференциясында уқорғасын тамырынан дайындалған тұнба коронавирусты емдеудің бесінші хаттамасына енуі мүмкін екенін мәлімдеген.
15 сәуірде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Facebook-тегі парақшасында «коронавирус жұқтырған науқастарды бір-екі күнде емдеп шығаратын дәрі табылды» деп жазған. Бұған қоса ол бірнеше адамның сұйықтық дайындап жатқаны көрсетілген видео жарилаған. Құтыларда «ыстықкөл уқорғасынының тамыры» деп жазылған.
Ертесіне денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев баспасөз конференциясын өткізіп, мемлекет басшысы улы өсімдіктен дайындалатын тұнбаның емдік дозасын білетін жалғыз адам деп мәлімдеген.
Сарапшылар мен дәрігерлер шенеунікке ыстықкөл уқорғасыны (аконит) өте улы өсімдік екенін ескерткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы клиникалық зерттеуден өтпеген препаратты қолдануға болмайтынын мәлімдеді.
19 сәуірде Facebook компаниясы Жапаровтың уқорғасын туралы жазбасын өшіріп тастады.
Оның үстіне, парламенттің салалас комитеті денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиевті қызметтен алуды ұсынды. Қырғызстанның бас прокуратурасы белсенділердің министрге қарсы мәлімдемелерін қарай бастады.
newstaraz.kz