Қырғызстанның Жоғарғы соты «Батукаев ісін» қайта қарайды
22 желтоқсанда Жоғарғы сот «Батукаев ісі» бойынша адвокаттардың бір жыл бұрынғы арызын қайта қарайды. Бұл туралы Алмазбек Атамбаевтың адвокаты Замир Жоошев хабарлады.
«Қазан айында Алмазбек Атамбаев парламент сайлауына қатысам деп мәлімдеуі мүмкін деп, бас прокурордың орынбасарының хаты негізінде бұрынғы үкімнің күші жойылған. Енді бір жыл бұрын жазылған арызды екінші рет қайта қарайын деп жатыр», — деді Жоошев.
Былтыр қазан оқиғаларынан кейін бұрынғы президенттің адвокаттары «Сот процесінде Атамбаевтың жарыссөзде соңғы сөз алу құқығы бұзылды» деп Жоғарғы сотқа арызданған. Мекеме адвокаттардың өтінішін қанағаттандырып, істі қайта қарауға жіберген.
2021 жылдың 12 қазанында Жоғарғы сот «Батукаев ісі» бойынша жаңа ашылған жағдайларға байланысты бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырып, бұрынғы президентке шыққан үкімді қайта күшіне енгізген.
Қырғызстанда есірткі сату, заңсыз қару сақтау, адам өліміне алып келген тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айыппен ұсталып, 16 жыл 8 айға сотталған қылмыс әлемінің белсендісі Азиз Батукаев 2013 жылы «айықпас дертке шалдықты» деген негізде түрмеден босатылған. Ол сол күні Ресейге ұшып кеткен.
Батукаевты заңсыз босатты деген негізде 2019 жылдың басында қайта тергеу жүрді. Бұл іс бойынша Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев ұсталған.
2020 жылдың жазында Атамбаев «Батукаев ісі» бойынша 11 жыл екі айға бас бостандығынан айырылған. Сол жылдың 17 тамызында Бішкек қалалық соты істі қайта қарап, аудандық сот шешімін күшінде қалдырған.
newstaraz.kz