Бүгін «Бек эйр» ұшағының екінші пилотының денесі жер қойнына тапсырылды. Қаралы жиында оның қызы, әкесінің өз мамандығын шексіз сүйгенін және жұмысқа оралуға асыққанын айтты. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға оның әріптестері мен туыстары келді. Атышулы әуе компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов та қара жамылған отбасыға көңіл айтуға келіп, БАҚ өкілдеріне ләм-мим демей, сұхбат беруден бас тартты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Марқұм Мейіржан Молдақұловты туған-туыстары мен әріптестері қимастықпен соңғы сапарға шығарып салды. Қоштасуға келген жұрттың қарасы көп болды. Туған жері Ақтөбеден де ет-жақындары жеткен. Ал «Бек Эйр» әуе компаниясының ұжымын Нұрлан Жұмасұлтанов бастап келді. Марұмның денесі әуежай маңындағы «Маяк» елді мекеніндегі зиратқа қойылды. СТАНИСЛАВ ПРАВОСЛАВ, ӘРІПТЕСІ: «Жақсы адам еді. Бізден осындай жас кадрлардың кетіп жатқаны өкінішті. 54 жас деген не? Ондай жаста әлі ұшу керек. Әрине, өкінішті, жанымызға батады. Командирі 58 жаста еді, өзі 54 енді толып еді. Олар өте экстремалды жағдайға тап болды. Егер ұшуды доғарғанда барлығы жақсы болар еді». Ал, «Бек Эйр» басшысы БАҚ өкілдеріне сұхбат беруден ат-тонын ала қашты. «Я скажу на все, но не на телевидение». Астан шыққан кезінде де тілшілірді итеріп, сыртқа қашып шыққан ол көлікке барып бас сауғалады. Ал марқұмның әріптестері барлық шығынды әуе компаниясы көтеріп алғанны жеткізді. Отбасы көмектен тарығып отырған жоқ деп сендірді. СӘКЕН ЖАРҚЫМБАЕВ, «БЕК ЭЙР» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Кеше қонақасын
таратты компанияның атынан. Жерлеу рәсімін, қонақасын кеше таратты. Бүгін міне асының ақшасын төлеп, өзі көтеріп жатыр. Акимат көмектесіміз деген, бірақ олардан жәрдем болмады». Мейіржан Молдақұлов өз мамандығын шексіз сүйіпті. Қызының айтуынша тезірек айығып, қайтадан жұмысына оралуды тағатсыздана күткен екен. Аяқ астынан мұндай жағдай болады деп ойламапты. Ауруханадан шыққан соң жағдайы жақсарып, көңіл-күйі де көтеріңкі болатын дейді. Ал «Бек Эйр» өкілінің айтқандарының бәрі бірдей шындыққа жанаспайды дейді. Жерлеу рәсіміне және ас беруге кеткен барлық шығынды аудан әкімдігі көтеріпті. АЛИНА МОЛДАҚҰЛОВА, МАРҚҰМНЫҢ ҚЫЗЫ: «Кешегі қонақасын «Бек Эйр» полностью атқарды. Және де бүгінгі асын Түркісіб ауданының әкімшігі өзіне алды. Соларға ризашылығымызды білдіреміз. Ол үлкен көмек болып тұр бізге қазірде».
Мейіржан Молдақұлов 27 желтоқсанда болған ұшақ апатынан кейін №4 ауруханаға жеткізіліп, бел омыртқасына күрделі ота жасалған болатын. Комада жатқан ол 5 қаңтарда есін жиып, 21-і күні ауруханадан шығарылған. Бір аптадан кейін денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдем дәрігерлері өмірін сақтап қала алмаған. Ал, лайнер апатқа ұшыраған кезде 12 адам қаза тауып, 67 жолаушы түрлі жарақат алған еді. Олардың көбі әлі толық сауығып кете алмаған.
newstaraz.kz