Өзбекстан экс-президентінің ұлы Ресейде әйеліне қол көтерді деген күдікпен ұсталды
Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімовтің ұлы Петр Ресейдің Красногорск қаласында әйеліне қол көтерді деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы 16 мамырда «Известия» басылымы хабарлады.
Оқиға Мәскеу түбінде орналасқан аудандағы көп қабатты үйлердің бірінде болған. Мәліметтерге қарағанда, Кәрімов әйелі Юлия Сметанкинамен жанжалдасып қалып, оны бірнеше мәрте ұрған. Көршілері екі мәрте полиция шақыртқан. Полиция қызметкерлері екінші мәрте келген уақытта Кәрімовті ұстаған.
Ресейлік баспасөз Петр бостандыққа шыққанын, бірақ күдікті екенін жазды.
Дереккөз мәліметіне қарағанда, Юлия ауруханаға түскен. Дәрігерлер оған миы шайқалған, қан кеткен, іші зақымданған деген диагноз қойған. Полиция оқиғаны тексеріп жатыр.
Петр Кәрімов — Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Кәрімовтің Наталья Кучмиден туған тұңғыш баласы. Ол 1969 жылы дүниеге келген. Сол жылы Ислам Кәрімов пен Наталья Кучми ажырасқан.
54 жастағы Петр Кәрімов 1990 жылдардан бері негізінен Мәскеу қаласында тұрып келеді.
Ташкент халық шаруашылығы институтын 1988 жылы бітірген Петрдің банк ісі және қаржы саласында жұмыс істегені мәлім.
newstaraz.kz