Өзбекстан Мирзияев билігін ұзартуға қалай дайындалып жатыр?
Келесі айда Өзбекстан халқы жаңа конституцияға дауыс береді. Бұл өзгеріс президент Шавкат Мирзияевтың билігін 2040 жылға дейін ұзартуы мүмкін. Бірақ мемлекет референдум туралы үгіт-насихатында басқа конституциялық өзгерістерге мән беріп, президенттің құзыретін ұзарту туралы көп айта бермейді.
Әуелі жаппай тәртіпсіздікке, кейін қыс мезгіліндегі электр энергиясының тапшылығына байланысты кейінге қалған референдумды халыққа жақсы етіп көрсету қиын, бірақ билік барын салып жатыр.
Кей азаматтар билік тым қатты тырысып жатыр дейді.
30 сәуірде сайлаушылар 65 жастағы президент Мирзияевқа 2040 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндік беретін жаңа конституцияны қолдап дауыс бермейді деген ықтималдық нөлге тең.
Бәсекесіз саяси жүйеде билікке қарсы дауысқа орын жоқ. Бұл жүйеде Мирзияев қана басымдыққа ие.
Қоғам қайраткерлері жаппай жаңа конституцияны қолдап, мемлекеттік университеттен бастап стадиондар мен автозауыттарға дейін – барлық жерде референдумның үгіт-насихаты жүріп жатыр.
Әлеуметтік желіде «Мен немқұрайды қарамаймын» деген хештегпен жазбалар жарияланған. Олар нені меңзеп отыр?
«Біреу Өзбекстанның Конституциясын тартып алғалы жатыр ма? Олай болмаса, теледидар мен әртүрлі шаралардағы белсенділер неге «Конституция біздікі» деп айқайлап жатыр? Қандай қызық пропаганда! Одан да референдум алдында халыққа конституцияға қандай өзгерістер енгізіп жатқанын түсіндірмей ме?»
Наурыздың басында науқан басталған кезде белгілі құқық қорғаушы Гулноз Мамарасулова Twitter-де осылай жазды.
Бірақ өзгерістерден үміт аз.
Бақылаушылардың көбі 2022 жылдың бірінші жартысында алғаш талқыланған сәттен бері конституцияның авторитар логикасы өзгере қоймағанын айтады.
– Бұл референдум Мирзияевтың билігін ұзартып, оған тағы екі мерзімге сайлануға мүмкіндік беру үшін өткізілгелі отыр, – дейді Ұлыбританияда тұратын өзбек саясаттанушысы Алишер Ильхамов.
Сарапшының пікірінше, билік конституцияның 65 пайызын қамтиды деген толықтырулар қазіргі режимнің сипатын өзгертпейді.
Халықаралық ақпарат құралдары референдум туралы материалдарында Мирзияев билігінің ұзаруы туралы жарыса жазып жатыр. Ал мемлекеттік басылымдар мен қоғам қайраткерлері бұл өзгерістердің жілігін шағып талдаудың орнына референдумның артықшылығын жіпке тізуден жалықпайды.
Аты аңызға айналған гимнастика шебері Оксана Чусовитина Telegram-дағы арнасында «Конституцияны өзгерту елдегі дене шынықтыру, спорт саласына және салауатты өмір салтын сақтауға қажет бар жағдай жасалуына кепілдік береді” деп жазды.
«Осы себептен 30 сәуірде өтетін референдумға қатысамын» деді Олимпиада ойындарының жүлдегері.
Instagram-дағы «Прогресс көшбасшыларының клубы» парақшасы жаңа конституцияда Өзбекстан халқының жартысына тең болатын жастардың жағдайын жақсарту мәселесі де қозғалғанына назар аударды.
Парақша админдері «Конституцияда «Жастарға білім беру, әлеуметтік және медициналық қорғау, баспанамен және жұмыспен қамтамасыз ету – мемлекеттің конституциялық міндеті» деп жазылған. Жастарды жеке топ ретінде бөліп қарастыру – тарихи факт. Тағдырыма немқұрайды қарамаймын! Сіз де белсенді болыңыз!» деп жазды.
Көпшілікке арналған шараларға азаматтар «Біздің», «Менің», «Сіздің» деген жазуы бар плакаттар ұстап шығады.
Мұндай жиындарға студенттер мен оқушылар да қатысады.
Ферғана университетінде жұлдыздардың қатысуымен концерт өткен. Instagram-да көрермен залға кірмес бұрын ұран сөздерін қайталап, дайындалып жатқаны түсірілген видео тарады.
Әлеуметтік желіні қолданушылар билік пропагандасын әжуалап, қызу талқылады. Кей жазбалардың астында конституцияны насихаттау формасын сынағандарға интернет-тролльдер жабылды.
Блогер әрі журналист Алишер Абдумалихон қабылданғалы аса өзгере қоймаған АҚШ конституциясы мен Өзбекстанның конституциясын салыстырып шыққан. Ол кейін әлеуметтік желідегі жазбасын өшіріп тастады.
«Конституцияны өзгертудің қажеті жоқ. Сонда жазылған баптардың сақталуын қадағаласақ та, жетеді» дейді журналист әлеуметтік желідегі видеосында.
Мұндай пікірлер билікке ұнай қоймайды. Өйткені конституцияда жазылған баптар сол қалпында жүзеге асырылса, Мирзияев 2026 жылы президенттік мерзімі аяқталған кезде биліктен кетуі керек.
Сарапшылар Мирзияев бұрынғы президент Ислам Каримовтің 2002 жылғы әдісін қайталап, тағы екі мерзімге сайлану құқығына ие болады дейді.
20 жыл бұрынғы конституциялық өзгеріс сияқты бұл жолы да президент өкілеті бес жылдан жеті жылға дейін ұзарады.
Билік әлеуметтік желіде референдумға қарсы ашық пікір білдіріп жатқандарды «провокатор» деп атап, елде кейінгі жылдары болған өзгерістерді алға тартады.
Каримов қайтыс болғаннан кейін билікке келген президент Мирзияевтың тұсында Өзбекстан шынымен өзгерді. Мирзияев 10 жылдан астам уақыт Каримовтің премьер-министрі болған.
Мақта алқаптарындағы мәжбүрлі еңбекті тоқтатқаны үшін Мирзияевты Халықаралық еңбек ұйымынан бастап Economist журналына дейін бәрі мақтады. Бұрындары оқушылар, мұғалімдер, дәрігерлер мен мемлекеттік қызметкерлер мақта жинауға жегілетін.
Саяси диссиденттер түрмеден босатылды. Ақпарат құралдары, телеграм-арналар көбейді. Бірақ мемлекеттік қысым әлі де жойылған жоқ.
Каримов Өзбекстанды оқшау мемлекетке айналдыруға тырысты. Мирзияевтың тұсында Ташкент экономикалық тұрғыдан әлемге ашыла бастады. Туризм индустриясы дамыды.
Бірақ жаңа конституция қабылдау уақытын кейінге қалдырған былтырғы оқиғалардан кейін прогресс туралы айту қиын.
Былтыр шілдеде Қарақалпақстанның автономия мәртебесін өзгерту туралы ұсыныс жергілікті халық арасында қарсылыққа ұшырап, үлкен наразылық болды.
Билік қауіпсіздік күштерінің көмегімен наразылықты аяусыз басып-жаншыды. Ресми дерек бойынша, 17 наразы мен төрт әскери қызметкер қаза тапты. Құқық қорғаушылар наразылық құрбандарының саны әлдеқайда көп дейді.
Наразылықтан кейін конституция жобасынан Қарақалпақстан мәртебесі туралы бап алып тасталды. Қыста Өзбекстанда электр энергиясы тапшылығы сезіліп, үкімет референдумды тағы да кейінге қалдырды.
Көбі 2021 жылғы президент сайлауы өз уақытында желтоқсанда емес, мерзімінен бұрын қазанда өтуін қыс мезгіліндегі қиындықтардан көреді.
Биыл кейінгі 15 жылдағы ең суық қыс келіп, энергия тапшылығы әдеттегіден де қатты сезілді. Халықтың жағдайы қиындап, билікке сенім азайды.
Кей бақылаушылар Мирзияев референдум алдында президент сайлауына дейінгі әдетімен халықтың ықыласына бөленуге тырысып жатқанын айтады.
Мәселен, өткен аптада президент отбасымен бірге Ташкентте өткен футболдан жастар турнирінің финалын көруге барған. Өзбекстан гол соғып, 1:0 есебімен Иракты жеңгенде, Мирзияев футболдан әлем чемпионатындағы матчтарда төреші болудан рекордсмен, зейнеттегі төреші Равшан Ирматовты құшақтап, құттықтаған.
Өткен аптада президент Chevrolet Malibu көлігіне отырып, Сурхандария облысының губернаторына жолдың сапасын көрсетіп, ұрысқан.
«Шенеуніктер «бәрі жақсы» деп, сізден жасырады. Бірақ мына жолмен жүру мүмкін емесін көрдіңіз ғой. Сапасы нашар» дейді алдыңғы әйнекке жапсырылған камераға қарап отырып, шұрқ-тесік жолда селкілдеген көлікті меңзеген Мирзияев.
newstaraz.kz