Өзбекстанда қыз-келіншектерді зорлық-зомбылықтан қорғайтын тетік ұсынылды
Өзбекстанның әділет министрлігі қыз-келіншектерді зорлық-зомбылықтан қорғауды күшейтуді ұсынды. Бұл жөнінде Gazeta.uz сайты жазды.
Министрлік Өзбекстандағы қыз-келіншектер көшеде, жұмыс орнында не оқуда ерлер тарапынан қысымға тап болса, үйінде жақындарынан не күйеулерінен зардап шегетінін атап өтті.
Заңда «біреудің ізіне түсу» деген терминге түсінік берілмегендіктен, қыз-келіншектерді қорғау механизмі де жазылмаған. Жәбір көрген әйелдер үнемі үрейде жүріп, депрессияға жиі ұшырайтыны айтылады.
Ресми мәліметке қарағанда, Өзбекстанда соңғы күндері 36 мыңға жуық әйел зорлық-зомбылықтан қорлық көріп, оларға қорғау ордері берілген. Өзбекстанда әйелдерге көмек көрсетуге арналған 29 ғана орталық бар екен. Бұл елдегі барлық әйелдерді қорғауға жетпейді дейді министрлік.
newstaraz.kz