Өзбекстанда мектеп директорларын түлектерді шетелдің оқу орындарына орналастыруға міндеттеді
Өзбекстанның Навои облысында мектеп директорларын отандық оқу орындарына түсе алмаған түлектерді шетелдің оқу орындарына орналастыруға міндеттеді.
Навои облысы Нұрата ауданындағы бір топ мектеп директоры «Озодлик» редакциясына хат жазып, аудандық халық білімі басшылығынан қысым көргенін айтты.
Мектеп директорларының мәлімдеуінше, аудан басшылығы оларға отандық жоғары оқу орындарына түсе алмаған түлектерді шетелдің оқу орындарына орналастыруды тапсырған.
– Кеше аудан әкімшілігінде кезектен тыс жиналыс болды, оған аудандағы мектепдертің директорлары қатысты. Жиналыста отандық оқу орындарына түсе алмаған түлектер мәселесі талқыланды. Аудан басшылығының мәлімдеуінше, мектеп директорлары оларды шетелдің оқу орындарына орналастыруға міндетті. Мектеп директорларына осындай талап қою қаншалықты заңды?, – деп сұрайды Нұрата ауданындағы бір мектептің директоры.
Оның айтуынша, аудан басшылығы директорларға талапты орындауға үш күн берген.
– Балаларын шетелде оқытуға қаражаты жоқ ата-аналарды қайтеміз? Аудан басшылығы шығынды ата-аналар көтеруі тиіс деп отыр. Әйтпесе мектеп директорларын жұмыстан шығарады.
Нұрата ауданының халыққа білім беру бөлімі басшысының орынбасары Мұхиддин Жұманиязов мектеп директорларының сөзін жоққа шығарды. «Біз мектеп директорларына ешқашан мұндай талап қойған емеспіз», – деп мәлімдеді шенеунік.
Дегенмен Жұманиязов түлектерінің дені жоғары оқу орындарына түсе алмаған мектептердің директорлары қызметтен алынатынын жоққа шығармады.
Дереккөздердің мәліметі бойынша, Навои облысының басқа да аудандарында мектеп директорларына осындай талап қойылған.
Ал Әндіжан облысында мектеп директорларын оқуға түсе алмаған түлектерге жұмыс тауып беруін талап етіп жатқаны туралы мәлімет бар.
Биыл Өзбекстанда 438 мың түлек мектеп бітірді.
Ресми мәлімет бойынша, бес жылда республикада 64 жаңа оқу орны ашылған, елде барлығы 141 жоғары оқу орны жұмыс істейді.
newstaraz.kz