Өзбекстанда президент сайлауына түсетін алғашқы кандидат есімі жарияланды
Өзбекстан экология партиясы биыл қазандағы президент сайлауына түсетін кандидатын ұсынды.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, Экопартия ОК атқарушы комитетінің төрағасы Нарзулла Обломуродов 4 тамызда орталық кеңестің кезектен тыс пленумында кандидат ретінде ұсынылды.
Жиналыста айтылғандай, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет саясатын жүзеге асыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, халыққа қолайлы жағдай жасау, климаттың өзгеруіне бейімделу, Арал теңізі апатының салдарын жұмсарту — Экопартияның сайлауалды платформасының басты бағыттары ретінде аталды.
Өзбекстан экология партиясы президент сайлауына бірінші мәрте түседі. Партия саяси ұйымдар арасында бірінші болып өз үміткерін ұсынды.
Өзбекстанда президент сайлауы биыл 24 қазанда өтеді. Жергілікті заңдарға сәйкес, президент сайлауына түсетін кандидаттарды саяси партиялар ұсынады.
newstaraz.kz