Өзбекстанда «Стелс-омикрон» вирусы анықталды
Өзбекстанда коронавирустың Stealth-Omicron BA.2 штамы анықталды. Бұл вирустың ең жұқпалы түріне жатады екен.
Бұл жөнінде Өзбекстанның санитарлық-эпидемиологиялық қызмет басшысы Баходир Юсупалиев хабарлаған.
Оның сөзінше, соңғы күндері бұл індетті жұқтырғандар саны артып келеді. Атап айтқанда, 20 маусымда 87 адам жұқтырса, 22 маусымда 98 адамнан аталған вирустың түрі анықталған.
«Науқастардың 67 пайызынан кәдімгі «омикрон» штамы анықталса, 33 пайызынан «Stealth-Omicron BA.2» түрі байқалды, — дейді Баходир Юсупалиев. Алайда ол пандемия басталғалы бері әдетте шілде, тамыз айында вирус жұқтырғандар саны біршама артатынын айтады.
Қазір «стелс-омикрон» әлемнің барлық елінде өршіп жатыр. ДДСҰ мұны алаңдататын жағдай деп отыр. Өйткені бұл індеттің өте тез тарайтыны анықталған.
Бүгінгі күнге дейін Өзбекстанда коронавирусқа қарсы екпенің 57,7 миллион данасы қолданылған.
newstaraz.kz