Өзбекстанның сыртқы істер министрі Украина жөніндегі мәлімдемесінен екі күннен соң ауруханаға түсті
Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдуләзіз Камилов №1 орталық клиникалық ауруханада он күн жатып, әрі қарай емделу үшін шетелге жетті. Республиканың сыртқы істер министрлігі 29 наурызда осылай деп хабарлады.
«Дәрігерлер кеңесімен, Абдуләзіз Камилов қазір шетелде емделіп жатыр. Оған тереңірек медициналық тексеруден өту қажет», — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
СІМ Камиловтың нақты қандай аурудан емделіп жүргенін айтпады. Абдуләзіз Камилов көпшілік алдына соңғы рет 17 наурызда шыққан. Сол кезде ол Сенаттың жалпы отырысында Өзбекстанның Украинаға қатысты ұстанымын жеткізген:
«Өзбекстан Украинаның тәуелсіздігін, дербестігі мен аумақ тұтастығын мойындайды. Біз Луганск және Донецк халық республикаларын мойындамаймыз», — деп мәлімдеген СІМ басшысы.
Саясаткерлер бұл мәлімдемені «батыл» ұстаным деп сипаттаған.
2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейдің Украинаға басып кіруін сынайтын қарарды дауысқа салды. Құжатты 193 елдің 141-і қолдады. Ресей, Беларусь, Сирия, Солтүстік Корея және Эритрея қарсы шықты. 35 мемлекет, соның ішінде Өзбекстан дауыс беруден қалыс қалды.
newstaraz.kz