АҚШ Иран қолдаған қарулы топтарға әуеден соққы берді
АҚШ-тың әскери әуе күштері Ирак-Сирия шекарасындағы Иран қолдаған қарулы топтарға қарсы соққы берді. Бұл Американың Ирактағы базасына ұшқышсыз ұшақтармен жасалған шабуылға жауап ретінде болды.
Пентагон 27 маусымда президент Джо Байден топтардың қару-жарақ сақтаған қамбаларына әуеден соққы беруге бұйрық бергенін мәлімдеген. Ирак пен Сирияның шекарасындағы бұл нысандарды Иран қолдаған Хезболла мен Саид әл-Шухада топтарының содырлары пайдаланып келген.
«Иран қолдаған топтардың АҚШ-тың Ирактағы базасын нысанаға алып шабуылдағанын ескере отырып, президент қорғануды қамтамасыз етуге тапсырма берді», — деп айтылған Пентагон мәлімдемесінде.
Иран қолдаған қосындар әуе соққыларынан төрт мүшесінің қайтыс болғанын растап, жауап қайтаратынын білдірді.
26 маусымда ирактық күрд ресмилері жарылғыш зат қойылған төрт ұшақсыз ұшақ Эрбил аймағын талқандағанын мәлімдеген. Бұған жауап ретінде шабуыл жасаған тарапқа АҚШ-тың әскери күштері қарсы соққы берген.
Аталған аймаққа әуе соққылары президент Джо Байден қызметке кіріскеннен бері екінші рет жасалған.
Бірінші шабуыл Иран қолдаған содырлардың нысандарына биыл ақпан айында жасалған.
newstaraz.kz