АҚШ мемлекеттік департаменті: Өзбекстанда адам құқығы өрескел бұзылды
АҚШ мемлекеттік департаментінің 2021 жылғы адам құқығы ахуалына қатысты есебінде Өзбекстанда азаматтардың басты құқықтары өрескел бұзылды делінген.
Департамент есебінде айтылғандай, 2021 жылғы 24 қазанда өткен парезидент сайлауында сайлаушылардың таңдау құқығы болмаған.
«Президент Мирзияев 80,2 пайыз дауыспен тағы бір мерзімге сайланды. Сайлаушыларға саяси таңдау берілмеді, өйткені нағыз оппозициядағы үміткерлер сайлауға қатыстырылмады», — делінген есепте.
Баяндама авторлары Өзбекстанда қамаудағыларды азаптау тәжірибесі әлі бар деп есептейді. Мәселен, 2021 жылғы желтоқсанда Самарқанд облысында екі инспектор бір көлік жүргізушіні абайсыз өлтіріп алғаны үшін 2 жыл 10 айға сотталды. Алайда марқұмның өліміне тікелей қатысы болуы мүмкін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ақталып шыққан.
АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде Өзбекстандағы түрмелер мен тергеу изоляторларындағы жағдай өте қиын екені айтылды.
Мәселен, түрмелер мен тергеу абақтылары адамға толған, тамақ жетіспейді, тазалық сақталмайды. Тергеу изоляторлары мен түрмелерде қамаудағыларға күш көрсетілгені туралы мәлімет көп. Оларға медициналық көмек көрсету жағы дұрыс ұйымдастырылмаған.
Баяндаманың «Саяси тұтқындар» бөлімінде блогер Отабек Саторидің ұсталғаны туралы айтылды. Есепте блогерді «саяси тұтқын» деп атамаған. Дегенмен бұл тараудың Сатори ісінен басталуынан-ақ АҚШ-тың оны «саяси тұтқын» деп танитынын аңғаруға болады.
Отабек Саттори әлеуметтік желілердегі «Халк фикри» («Халық пікірі») видеоблогында билік әрекетін сынаған. 2021 жылғы 10 мамырда ол 6,5 жылға сотталды.
Халықаралық ұйымдардың бірқатары Өзбекстан үкіметін блогер Отабек Сатториді босатуға шақырған. Ұйым өкілдері блогерге қарсы қылмыстық іс ойдан шығарылған деп есептейді.
newstaraz.kz