АҚШ Украинаға тағы млрд долларға әскери көмек көрсетеді
Құрама Штаттар таяу күндері Украинаға тағы бір млрд доллардың әскери көмегін көрсететінін жариялайды. Осылай деп АҚШ президенті Джо Байден сәрсенбі күні мәлімдеді.
Ол телефон арқылы Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлесіп, елдің егемендігі мен демократиясын қорғау үшін көмектесетінін жеткізген.
Байденнің сөзінше, Вашингтон Киевке қосымша зеңбірек, қару-жарақ және қорғаныс, зымыран жүйелерін береді. АҚШ қосымша гуманитарлық көмек ретінде, соғыстан зардап шеккендер үшін 255 млн доллар бөледі. Байденнің мәлімдемесі Ақ үйдің сайтында жарияланды.
«Украина халқының батылдығы, табандылығы және қайраттылығы бүкіл әлемге серпіліс беріп отыр. АҚШ одақтас елдермен бірге Украина халқын еркіндігі жолында қолдай береді», — деді президент.
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ және НАТО-ға мүше елдерден ауыр зеңбіректерді тезірек жеткізуді сұраған. Украина қорғаныс министрі Михаил Подоляк украин армиясы жеңіске жету үшін, бірнеше мың дана ауыр техника, атап айтқанда, калибрі 155 мм болатын 1000 ауыр зеңбірек, 300 қорғаныс жүйесі, 500 танкі, 2000 бронетехника және 1000 дрон керек деген.
АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин қазір Брюссельде «Рамштайн форматы» кездесуінде. Бұл жиынға 45 елдің қорғаныс министрі қатысып жатыр.
newstaraz.kz