АҚШ Украинаның жікшіл екі аймағына санкция салды
АҚШ президенті Джо Байден «ДХР» мен «ЛХР» жікшіл аймақтарына санкция салды. Жарлық Ақ үйдің сайтында жарияланды.
Құжат АҚШ азаматтарына «ДХР» мен «ЛХР» экономикасына инвестиция құюға тыйым салады. Бұған қоса, жікшіл аймақтарға АҚШ-тан тауар экспорттауға болмайды. Сонымен бірге, «ДХР» мен «ЛХР»-де жұмыс істегісі келген кез келген адамға санкция салынуы мүмкін.
Украинаның екі жікшіл аймағына қатысы бар мүлік АҚШ-қа түскен жағдайда, ол бірден бұғатталады.
АҚШ-тың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты өкілі Линда Томас-Гринфилд шұғыл жиналыста сөйлеген сөзінде Путин «Минск келісімінің түгін қалдырмады» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Мәскеу Ресей империясының Совет Одағына дейінгі 100 жыл бұрынғы аймақтарын қайтарғысы келетінін мәлімдеді.
«Путин әлемді Біріккен ұлттар ұйымы жоқ, империялар басқарған уақытқа кері шегергісі келеді. Бірақ әлем ілгері жылжып кетті. Қазір 1919 жыл емес, 2022 жыл», – деп мәлімдеді Томас-Гринфилд.
Шұғыл жиналысты өткізуді Украина, Франция және Еуроодақ сұраған. Бұған Ресейдің «ДХР» мен «ЛХР» аймақтарын тәуелсіз ел деп мойындауы себеп болды. 22 ақпанда түнде мұндай жоба Мемлекеттік дума мақұлдауына жолданды.
newstaraz.kz