Адвокаттар Бірінші арнаның қамаудағы қызметкері Марина Овсянникованың қайда екенін таппай жүр
Адвокаттар Ресейдің Бірінші арнасының 14 наурызда ұсталған редакторы Марина Овсянникованың қайда екенін әлі анықтаған жоқ. Арна қызметкері «Время» бағдарламасы эфирде жүріп жатқан кезде «Соғысты тоқтатыңдар, насихатқа сенбеңбер, мұндағылар алдайды» деп жазылған плакат ұстап шықты.
«Агора» ұйымының адвокаты Даниил Берман арна редакторын таппай жатқанын «Медузаға» хабарлаған.
Бұған дейін мәлім болғандай, Овсянникованы Мәскеудегі Останкино ішкі істер бөліміне алып кеткен. Алайда полиция қызметкерлері адам құқықтарын қорғаушыларға редактордың бөлімде жоқ екенін айтқан.
15 наурызда түнде ұсталған қызметкер «Останкино» теелорталығының кезекші бөлімінде деген мәлімет пайда болды. Дегенмен адвокат Анри Цискаришвили арна редакторын ол жерден таппаған.
15 наурызда таңға жақын адвокат Даниил Берман «Медузаға» Овсянникованы қаладағы басқа да полиция бөлімдерінен таппағанын айтты.
Ресми емес мәлімет бойынша, Овсянниковаға әкімшілік хаттама толтырылуы мүмкін. Бұның алдында Даниил Берман арна редакторының үстінен қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін екенін мәлімдеген.
Украина президенті Владимир Зеленский видеүндеуінде Овсянниковаға азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтты.
newstaraz.kz