Алғашқы Мәскеу-Тбилиси рейсінің жолаушыларын наразылық митингімен күтіп алады
Ресейдің «Азимут» әуе компаниясы ұзаққа созылған үзілістен кейін алғашқы Мәскеу-Тбилиси тікелей рейсін 19 мамырда орындайды.
«Құрылыс стратегиясы» грузин партиясының жетекшісі, депутат Георгий Вашадзе ресейліктерді «ешкім қуана күтпейтінін» мәлімдеп, оппозиция белсенді түрде наразылыққа көшуі мүмкін екенін ескертті.
Ол билік басындағы «Грузин арманы» партиясы «Шетел агенттері туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған соң елде не болғанын еске түсіруге кеңес берді. Сол кезде оппозицияны жақтаушылар Руставели даңғылына жиналып, заңды кері қайтаруға мәжбүрлеген. «Біз оларға Ресеймен тікелей рейс ашуға жол бермеуіміз керек», деп мәлімдеді Вашадзе. Оның пікірінше, Ресей мен Грузия арасында әуе қатынасы қайта орнаған жағдайда, елдегі әуежайлардың бәрі батыс санкциясына ілігуі мүмкін.
Дүйсенбі күні бірнеше ондаған адам парламент ғимараты алдына жиналған. Белсенділер мен жастар қозғалыстарының өкілдері «No Russian flights», «Грузияға батыс санкция салғанын қаламаймыз, біздің Ресей басқыншылығы тұншықтырып жатыр», «Путинге пайда әкелетін ессіз болғымыз келмейді» деп жазылған плакаттар ұстап тұрды.
10 мамырда Ресей президенті Владимир Путин Ресей әуе компанияларына Грузияға ұшуға салынған тыйымды, сонымен бірге 15 мамырдан бастап грузин азаматтарына виза жүйесін алып тастады. Көлік министрлігінің хабарлауынша, ресейлік компаниялардың ұшақтары Мәскеу мен Тбилиси арасында күнде қатынайды.
Грузия президенті Саломе Зурабишвили Ресей билігінің шешімін арандатушылық деп атаған. Дегенмен грузин үкіметі мен билік басындағы «Грузин арманы» партиясы Ресеймен әуе қатынасын қалпына келтіруді жақтаған.
Грузия мен Ресей арасында тікелей әуе қатынасын орнатуға грузин оппозициясы, Еуроодақ және АҚШ қарсы шықты. ЕО еуропалық блок мүшесі болғысы келетін Грузияға Мәскеуге қарсы әуе санкцияларын орындауға кеңес берді.
newstaraz.kz