Ауған атлеті терактілерде қаза тапқан оқушылардың отбасыларына көмектесу үшін медальдарын сатады
MMA (Mixed Martial Art — аралас жекпе-жек өнері) атлеті Хусейн Бахш Сафари алтын жүлделерін Дубайдағы аукционда сатып, одан түскен ақшаны Кабул мен Лугардағы терактілерде қаза тапқан оқушылардың отбасыларына береді.
Танымал спортшы Түркіменстан мен Моңғолияда жеңіп алған жүлделерін аукционда сататынын мәлімдеді. Алғашқы алтын жүлдесін Сафари 2017 жылғы қыркүйекте Түркіменстанда өткен Азия ойындарында джиу-джитсудан алған.
8 мамырда ауған астанасында мектептің қасындағы ғимаратта болған жарылыстан, ресми мәлімет бойынша, 60 адам қаза тапты, 150-ден астам адам жараланды. Жарылыс оқушылар мектептен енді шығып келе жатқан кезде болған.
Содан бірнеше күн бұрын Ауғанстанның шығысындағы Лугар провинциясының Пули Алам қаласында жарылыс болды. Автокөлікке орнатылған бомбаның жарылуынан 26 адам қаза тапты, 60-тан астам адам жараланды.
«Кабулдағы Саиди Шуҳадо мектебі мен Лугардағы жарылыстардан білімге құштар адамдар қаза тапты. Мен жүлделерімді сатып, содан түскен ақшаны осы терактілерден қаза тапқандардың отбасыларына және мектептерге бергім келеді «, — деп мәлімдеді Хесейн Бахш Сафари.
Еске салайық, соңғы жүлдесін ауған спортшысы 6 сәуірде Мәскеуде жеңіп алған. Eagle Fighting Championship (EFC) лигасының чемпионы атағы үшін таласта Хусейн Бахш Сафари ресейлік Октябрин Яковлевтен басым түсті.
Сафари негізінен джиу-джитсумен шұғылданады, алты мәрте жеңіп, бір рет жеңілген. Ауған атлеті барлығы 27 медаль алған. Ауғандықтар оны мақтан тұтады. Оның жанкүйерлері Хусейн Бахш Сафариге ақша ұсынып, алтын медальдарын сатпауын сұрап жатыр.
Дубайдағы аукцион қашан өтері әзірге белгісіз.
newstaraz.kz