Ауғанстанда ондаған оқушы қыз уланған
Ауғанстанның солтүстігінде екі бірдей бастауыш мектептерге шабуыл жасалып, нәтижесінде онда оқитын қыз балалар түгел уланған. «Обе кабуд» мектебінде 60 оқушы қыз және «Файзабад» мектебінде 20 оқушы қыз уланған.
Сари-Пуль провинциясы әкімшілігінің мәдениет департаментінің басшысы Мұхаммад Омар Сарипули Азаттықтың ауған қызметіне оқушы қыздардың уланғаны жөніндегі ақпаратты растады.
«Жалпы 62 адам, олардың ішінде үш мұғалім бар, бәрі уланған, олар дер кезінде ауруханаға жеткізілді. Қазір өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. 4 маусымда «Файзабад» мектебінде 24 адам уланды», — деді ол.
Сарипулидің сөзінше, қыздардың тыныс алуы қиындап, асқазаны ауырған. Олардың бәрі 1-6 сынып оқушылары.
Сари-Пуль провинциасы білім департаментінің басшысы Мохаммад Рахманидың айтуынша, тергеу барысында қаскөйлердің адамдарды жалдап, мектепті улау жөнінде тапсырма бергені анықталған.
Мұндай шабуыл Ауғанстан билігіне тәліптер келгеннен кейінгі болған бірінші жағдай. Олар осыған дейін әйелдердің қоғамдық өмірге араласуына тыйым салған. Атап айтқанда, қыз балаларға 6-сыныптан жоғары оқуға тыйым салынған. Сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдарда әйелдердің жұмыс істеуіне тыйым салынған.
newstaraz.kz