«Азовстальдан» 959 украин жауынгерін шығарып әкетті
Украинаның Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауыты аумағынан шыққан украин жауынгерлерін Донецк түбіндегі Еленовка ауылындағы бұрынғы түзеу колониясына жеткізді. Бұл туралы Reuters куәгерлерге сілтеме жасай отырып хабарлады.
Түзеу мекемесін ресейлік әскерилер мен «ДХР» жікшілтерінің өкілдері бақылауда ұстап отыр.
Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Азовстальдан» барлығы 959 жауынгер шығарылған, солардың ішіндегі 51 жаралы Донецк облысы Новоазовск ауруханасына жеткізілген.
17 мамырда кешке агенттік Мариупольдегі «Азовсталь» зауыты аумағынан украин жауынгерлері мінген кем дегенде сегіз автобус шыққанын хабарлаған.
«Азовстальда» бекінген украин жауынгерлері зауыт аумағынан 16 мамырда шыға бастады. Оларды Ресей бақылауындағы аймақтарға алып кетті. «Азов» полкіндегілер қолбасшылық бұйрығын орындап жатқанын, ал украин Бас штабы оларды «тұтқын алмастыру тәртібімен» кері қайтаратынын хабарлады. Ресейде бұны өз еркімен берілу деп атаған. Кремль де, Қорғаныс министрлігі де тұтқын алмасу жөнінде ештеңе хабарламады.
newstaraz.kz