БҰҰ Бас ассамблеясы Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етті. Қазақстан тағы қалыс қалды
БҰҰ Бас ассамблеясы Украинаның бейбіт халқы мен азаматтық инфрақұрылымын қорғау және Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде талаптар жазылған резолюция қабылдады.
24 наурызда мақұлданған Бас ассамблея резолюциясы тек рекомендация сипатындағы құжат. Оны орындау міндеттелмейді.
Ұйымға мүше 193 мемлекеттің 140-ы резолюцияны қолдап дауыс берді.
Төрт мемлекет – Беларусь, Солтүстік Корея, Сирия және Эритрея Ресеймен бірге «қарсы» дауыс берді, 38 мемлекет қалыс қалды. Арасында Қазақстан да бар.
Резолюция Ресейдің Украинаға басқыншылығын дереу тоқтатып, бейбіт халыққа шабуыл жасамауды талап етеді. Құжатта бейбіт халықты, медицина мамандарын, гуманитарлық ұйым қызметкерлерін, сонымен бірге журналистерді қорғау қажеттігі жазылған.
Наурыздың басында да БҰҰ Бас ассамблеясы осыған ұқсас резолюция қабылдаған. Ол кезде де халықаралық ұйым қабылдаған құжат Ресейден Украинаға күш қолдануын тоқтатуды талап еткен еді. Құжатты 141 мемлекет қолдап, бірнеше мемлекет «қарсы» дауыс берген. Ол кезде де Қазақстан қалыс қалған еді. Бұған дейін жергілікті белсенділер Қазақстанның қалыс қалуын сынаған.
Украина және батыс елдері Мәскеуді азаматтық нысандар мен бейбіт халыққа шабуыл жасады деп айыптап келеді. Мәскеу мұны жоққа шығарады.
newstaraz.kz