БҰҰ бас хатшысы Киевте Зеленскиймен Мариуполь тұрғындарын эвакуациялау мәселесін талқылады
Генсек ООН в Бородянке
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштің Украинаға сапарында Мариуполь қаласының бейбіт тұрғындарын эвакуациялау мәселесі сөз болды.
Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен бірге өткізген баспасөз конференциясында Гутерриш Мариупольде орыс әскерінің қоршауында қалған «Азовсталь» зауытындағы адамдарды құтқару үшін бар күшін салатынын мәлімдеді. Ол бейбіт тұрғындарды эвакуациялау жөніндегі келіссөздердің мән-жайын жарияламады, өйткені оның үзіліп кетуінен сескенеді. Дегенмен Гутерриш Мәскеуге сапарында Ресей президенті Владимир Путин бейбіт тұрғындарды зауыттан шығаруға БҰҰ мен Қысыл Крест ұйымдарын қатыстыруға келісім берді деп мәлімдеді.
Алайда Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Азовсталь» зауытындағы адамдарды эвакуациялау жөніндегі келіссөзді жоққа шығарып отыр.
«Азовсталь» зауыты — Мариуполь қаласында орыс басқыншылығына қарсы күресін тоқтатпаған соңғы атыс ошағы. Қалада ұрыс басталғанына екі болды. Ірі зауыт ғимаратына қарулы жауынгерлер, бірнеше жүз жаралы адам, сонымен бірге бейбіт тұрғындар бас сауғалап отыр. Украина зауыттағыларды Киев бақылауындағы аумақтарға эвакуациялауды талап етсе, Ресей билігі әскерилердің берілгенін, ал бейбіт тұрғындардың орыс әскері бақылауындағы аумақтарға өтуін қалайды.
Гутерриш Украинаға сапары кезінде Киев түбіндегі Буча, Ирпень және Бородянка қалаларын да аралады. Мұнда көптеген бейбіт тұрғын опат болған. Ол Ресей күштерінің әскери қылмыстары Халықаралық қылмыстық сотта қаралғанын қолдады. БҰҰ бас хатшысы Ресей әрекетін сынап, Украинаның тұтастығын жақтады.
БҰҰ бас хатшысы Киевте жүрген уақытта украин астанасына бірнеше зымыран құлады. Әуе шабуылының нақты қандай нысандарға жасалғаны ресми түрде хабарланбады. «Кеше ғана ол Мәскеуде ұзын үстел басында отыр еді, ал бүгін одан бір шақырым жерде жарылыс даусы естіліп жатыр. Мәскеуден жеткен сәлем бе?» — деп жазды Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк БҰҰ бас хатшысы туралы.
newstaraz.kz