БҰҰ отырысында Ресей әскерінің Украинадағы қылмыстары жөнінде айтылды
БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша жоғарғы комиссарының кеңсесі Ресей шабуылынан кейін Украинада адам құқықтары бұзылған көптеген жағдайларды анықтады. Бұл туралы ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдеді.
Женева қаласында ашылған БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша кеңесінің отырысында сөйлеген Гутерриш Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын айыптады. Ол соғыс адамдардың өліміне, қайғы-мұңға, жаппай жер аударуға алып келгенін айтып, бейбіт тұрғындарды зорлау фактісі де бар екенін жеткізді.
Жиын барысында Украинадағы оқиғаларды зерттеу бойынша комиссия басшысы Эрик Месе баяндама жасап, орыс әскерлерінің соғыс қылмыстары жөнінде көптеген дәлелдер келтіретінін мәлімдеді.
2 наурызда жиында Ресейдің сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков сөз сөйлейді. Украинаға шабуыл жасағаннан кейін Ресей кеңестің құрамынан шығарылғанымен байқаушы ретінде жиынға қатыса алады.
newstaraz.kz