БҰҰ: Саиф әл-Адель «Әл-Қаиданың» жаңа басшысы атанған
Біріккен Ұлттар Ұйымының хабарлауынша, Египет арнайы жасағының бұрынғы офицері Саиф әл Адель «Әл-Қаида» ұйымының жетекшісі деп мойындалған. Террористік ұйымның бұған дейінгі басшысы Айман аз-Завахириді 2022 жылғы 31 шілдеде Кабулда америкалық зымыран соққысының көмегімен өлтірген.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, 2023 жылғы қаңтарда АҚШ арнайы қызметінің ресми өкілдері «Әл-Қаида» басшылығына кім келгені белгісіз екенін айтқан. Алайда, БҰҰ-ның әлемдегі терроризм қаупі туралы баяндамасында, былтыр қараша-желтоқсан айларында әлемнің көптеген елі Аделді «Әл-Қаида» операцияларының жетекшісі, ұйым басшысы деп мойындап үлгерген.
1998 жылғы қарашада АҚШ үлкен федералдық сот алқасы Аделді АҚШ-тың Танзания мен Кениядағы елшілігіне террористік шабуыл жасады деп айыптаған. Сол шабуылдардан 220-ден астам адам мерт болып, 5 мыңнан астам адам жараланған.
Америкалық тергеушілердің айтуынша, Адель Африкадағы операцияларға ғана емес, 2002 жылы Пәкістанда америкалық журналист Дэниель Перлді өлтіруге де қатысқан.
АҚШ мемлекеттік департаменті Адель Иранда орныққанын хабарлады. Сол жерде оны Ислам революциясы сақшыларының корпусы қорғайды. АҚШ Адель тығылған жер туралы ақпарат үшін 10 миллион доллар сыйақы тағайындаған.
Иранның БҰҰ-дағы өкілдері сәрсенбі күні Адель Иранда жүр деген мәліметті жоққа шығарды. «Әл-Қаиданың» жаңа басшысы делінетін адамның қайда екені туралы мәлімет дұрыс емес. Жалған ақпарат терроризммен күресуге кедергі келтіруі мүмкін», — деп хабарлаған иран өкілдері.
Федералдық барлау бюросының бұрынғы арнайы агенті Әли Суфан Терроризммен кұрес жөніндегі орталық сайтында (Combating Terrorism Center) Саиф әл Адель туралы мақала жариялады. Автордың айтуынша, экстремистің лақап аты «Әділет қылышы» дегенді білдіреді, бірақ оның шын аты — Мохаммед Салахуддин Зейдан.
Усама бин Ладеннің бұрынғы серіктестерінің айтуынша, Адель 1981 жылдан бастап қан төгу жолына түскен. Сол кезде оған Египет президенті Әнуар ал-Садатты өлтіруге қатысты деген айып тағылған. Египет президентін Каирдегі әскери шеру кезінде атып өлтірген. Президент қатысқан әскери шеру тікелей эфирде көрсетілген.
newstaraz.kz